Жамбыл облысында Талас өзенінде балық инспекциясының мамандары балықтардың жаппай қырылуының алдын алып жатыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, аптап ыстықтың үдеп, көршілес Қырғызстан тарапынан жіберілетін суаруға арналған судың азаюынан Талас өзені жағасының кейбір бөліктерінде балықтардың жаппай қырылуы тіркелген. Әлеуметтік желіде Талас ауданында түсірілген видео тарап, ондағы тұрғын Талас өзенінің төменгі ағысында Ойық су қоймасына 20 шақырым жерде мыңдаған балықтың қырылып жатқанын көрсетеді. Ыстықтың салдарынан өлі балықтардың аз уақыттың ішінде бұзылып жатыр.
«Қазіргі таңда бұл жерде шұғыл топтың 30 адамы жұмыс жүргізуде. Тағы бір топ жақында келіп қалуы керек. Ыстық бізде +45 градусқа барады. Бүгінге дейін алты түрлі 50 мың шабақ құтқарылды. Шабақтарды аулап алып, жақын маңдағы су қоймаларына жіберіп жатырмыз. 2 500 өлі балық көмілді. Қырғыз тарапынан Киров су қоймасынан жеткілікті су жіберілмегендіктен, осындай жағдай туындап отыр. Облыстық басқа су қоймаларында ахуал тұрақты», — дейді ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемі Комитетінің Жамбыл облыстық инпекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Асанбеков.
Болат Асанбековтый айтуынша, 5 шілде күні Киров су қоймасынан Талас өзеніне секундына 14 текше метр су жіберіліп тұрған. Ал мемлекетаралық келісімге сәйкес бұл мөлшер 52 текше метр болуы керек.
«Шу-Талас инспекциясымен және «Қазсушармен» жұмыс жүргізілді. Судың жіберілу мөлшері артып келеді. Қырғыз тарапымен мәселе реттеліп келеді», — дейді ол.
Айта кетсек, Жамбыл облысына келетін суаруға арналған судың 80 пайызы трансшекраалық Талас пен Шу өзені арқылы Қырғызстан жақтан келеді. Көршілес елдер үшін су шаруашылығы тұрғысындағы ынтымақтастық мәселесі мен суаруға арналған судың жеткіліксіздігі жылдар бойғы түйінді мәселеге айналып келеді.