Денис Тен: Мансабымды аяқтар күнім де алыс емес…

0 12

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен бүгін қайғылы жағдайда қаза болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«ҚазАқпарат» ХАА марқұмның отбасына көңіл айта отырып, сайтымызға берген соңғы сұхбаттарының бірінен үзінді сөздерін ұсынады. Толық нұсқасын мына жерден оқуға болады.

1. «Бұл өте ұзақ уақытқа созылатындай көрінгенімен, қысқа уақыт кезеңі. Мен қазір 24 жастамын. 20 жылдан бері спорттамын. Мансапты аяқтар күнім де алыс емес. Спорттан қашан кететінімді білмеймін, сондықтан да ол жайлы сұрамаңыз», — деген екен Денис Тен «ҚазАқпарат» тілшісіне.

2. «Эстетика деген — сіздің белгілі бір адамға қарай бергіңіз келетіні немесе қызығушылық тудыратын элементті көруден талмайтыныңыз — бірақ көргіңіз келе беретіні», — деген Денис халықтың көз қуанышына айналған «эстет» еді…

3. Сіз спортшы ретінде орныңызды таба алмауыңыз мүмкін, бірақ тұлға ретінде қалыптасу керек.

4. Мен өз-өзіме сынмен қараймын және өзімді харизмашылмын деп айта алмаймын. Бағдарламаларымды көру маған өте қиын, жұмысымды бағалау күрделі. Артықшылықтардан гөрі кемшіліктері көзіме ұрып тұрады.

5. Татьяна Анатольевна Тарасова маған үнемі: «Біз қызметтің өзгеруіне бейімделуіміз керек» дейтін. «Үйді жинадың ба — демалғаның сол. Қызметтің өзгеруі — міне, сауығу деген сол». Оның бұл ақылына әлі де мойынсұнамын!

6. Бала шағымда музыканы оқыдым. Мен үшін музыка — эмоциялық компонент. Бұл — айтқым келетін шағын әңгіме. Жүрегімізге қымбат әндердің көбі — өзіміздің басымыздан өткен оқиғаларға ұқсайды.

7. Идеяларды шынайы іске асыруға болатынын түйсінген кезімде ішкі дауысыма сүйендім.

8. Мен ешқашан демалған емеспін. Мен үшін демалыс — белгілі бір идеяларды жобалау.

9. Музыка жазғым келеді. Егер музыка болмаса, графикалық дизайнды қолға аламын. Егер графикалық дизайн бағынбаған күнде, суретке түсірумен айналысамын. Егер фотосурет болмаса, онда… алғашқы жеке мобильдік қосымшамды жасар едім…

  10. Отбасы жауапкершілігін арқалап жүрген жандар, басында несиесі барлар, немесе мүлде басқа ой мазалап жүрген жандар менің өнерімді тамашалап, ләззат алса деймін.

11. Ешкімді тыңдамаңыз, ішкі түйсігіңізбен сезініңіз. Өмір басқалар айтқандай емес, одан да күрделі.

12. Сенің ақылсыз, аңғал болуыңа құқың бар. Көп адамдар ойындағыны сұраудан қымсынады. Сондағысы өзі жайлы қате түсінік қалыптастырмау. Егер білгің келсе, сұра! Білімде ашықтық керек!

13. Қыздарды гүлге теңеймін. Оны жұлсаң өледі…

14. Алматы — ерекше қала. Мен оны қатты жақсы көремін. Менің өмірім осы қаламен байланысты. Мен шет мемлекеттерде болдым. Отаныма деген сағыныш мені бір сәтке босатқан емес.

15. Қазақстанның халқы әдемі. Әрқайсысы әртүрлі. Ол аралас қан мен мәдениеттің үлгісі. Маған олардың не туралы ойлайтындығы, қалай өмір сүретіндігі қызық… Қазақстанның барлық аймағын аралап, адамдарымен араласқым келеді. Менің бұған қызығушылығым ерек.

16. Менен үнемі қазақ не кәріс екенімді сұрайды. Қазақстан — менің өмірімнің негізгі бөлшегі. Менің санам — қазақы. Менің мінезім қазақ менталитетіне сай.

17. Мен — Қазақстандықпын және осылай болып қаламын…

18. Менің жолым болды. Отбасымнан үнемі қолдау табамын. Менің өмірімде кездескен бүкіл сынақты бірге көтерген отбасыма алғысымды айтамын.

19. Соңғы жылдар мен үшін өте қиынға соқты. Қазір қайта қалпыма келдім. Алда бірнеше жоспар бар. Ол аяқ асты шешімдер болуы мүмкін. Мен алдағы күннен ештеңе күтпеймін, себебі алдағы өмірімді алысқа болжамаймын.

20. Сұхбаттарының бірінде «Мен қазір спортшының спорттағы «ғұмыры», мансабы қысқа екенін түсіндім. Ең ұзағанда 20-25 жыл спортта жүруге болатын шығар», — деген Денистің өмірі расында өлшеулі болды.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында бүгін түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.