Жамбыл облысында жылыту маусымы 15 қазанда басталады

0 7

Жамбыл облысында жылыту маусымы 15 қазанда басталады. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың шаһардағы бірқатар энергетикалық кәсіпорындарды аралап, дайындық барысына тексеру жүргізу кезінде айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қазіргі таңда жылу беретін мекемелердегі мамандар жылыту маусымына 99,8  пайыз сақадай сай екендіктерін жеткізді. Ал 1475 көппәтерлі тұрғын үйден 1454-і дайын. Қалған 21 үйдің жертөлесінде  жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу желілері аяқталуға жақын. Қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінген. Оның 84 пайызы игерілген. Нәтижесінде, құбырлардың тозу деңгейі 68,3% -дан 67% -ға дейін төмендеген. Бұл өз кезегінде 148 көппәтерлі тұрғын үй мен 59 нысанды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге қауқары жетеді.

Ең алдымен, Бекболат Орынбеков облыс орталығындағы «Тараз энерго орталықтың» жұмысымен танысты. Онда 19 қазандық және 2 турбина бар, олар маусымның басында халықты жылумен қамтамасыз ететін болады.

Мәлік Өтегенов,  «Тараз энерго орталық» АҚ басшысы:

— 29 бастап ыстық су бере бастаймыз. Қазіргі таңда біз толығымен дайынбыз. Жоспар бойынша барлық жұмыстар жүргізілді. Егер күн ертерек суытатын болса яғни, 8 градустан төмен болған жағдайда жылуды уақытынан ерте береміз.

Сондай-ақ, «Қала объектілерін жылу беру маусымына дайындау барысы туралы» мәселені қарауға құрылған уақытша комиссияның құрамындағы қалалық мәслихат депутаттары Нариман Мәуленов пен Марат Смаилов нысандардың дайындығымен танысты. Халық қалаулылары алдымен «Достық» алаңынан М.Х.Дулати көшесіне дейінгі Абай даңғылы мен Сыпатай батыр, Төле би, Аққозиев, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелерінің М-4 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасымен танысты.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Абай даңғылы бойындағы жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары мамыр айының соңында басталған. Келісімшартқа сай бұл жұмыстар толығымен қазанның 1-де аяқталуы керек. Жұмыстың жалпы сметалық құны 66,270 млн теңге. Жылу желісінің ұзындығы 1,131 шақырым болса, қазба жұмыстары 1131 метрді, жылу құбырларын демонтаждау 2262 метрді, ал монтаждау 2262 метрді құрайды. Тапсырыс беруші «Таразтрансэнерго» мекемесі, мердігер «Арайстроймаркет-2003» ЖШС. Бүгінде мұндағы жұмыстың 97 пайызы аяқталған. Ал М-4 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасына 4 353,888 млн теңге бөлінген. Мұндағы жылу желісінің ұзындығы 5,316 шақырымды құрайды. Мердігер «Техноконстракшен» серіктестігі жұмысты 4-5 күнге кешіктіріп отыр екен.

– Жұмыс жоспарға сай жүргізіліп отыр. Біз жергілікті халықты ыстық сумен қамтамасыз еттік. Бірақ 24 үйге ыстық су берілмеді. Жұмыстар аяқталғаннан кейін олқылықтың орны толтырылады. Жұмыс барысында 5 құбыр жарамсыз болып, оны қайта алдырып жатырмыз. Сол себепті жұмыстар 5 күнге кешігеді. Сондай-ақ, ауа-райына байланысты асфальтты 27-28 қыркүйекте төсейміз. Егер алдағы уақытта жол жабуда кеткен қателіктер болса мердігер компания 3 жыл ішінде қайта қалпына келтіріп береді, – деді «Таразтрансэнерго» МКК директоры Жақсылық Жөгібаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.