Жамбыл облыстық қазақ драма театрының репертуарында 30-дан астам спектакль бар. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпарат Агенттігі.
Болат Үмбетәліұлының айтуынша, өнер ордасы әр жылдары Польша, Мысыр Араб Республикасы, Россия, Өзбексан, Қырғызстан, Тәжікстан, Татарстан, Румыния және т.б елдерде театр фестивальдарына қатысып, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық театр фестивальдарының лауреаты атанған.
Сонымен қатар, 2017 жылы Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, әлемнің 23 елінен келген өнер ұжымдары арасынан топ жарып, Бас жүлдені жеңіп алды.
80 жылдық тарихында театрдан 3 — Қазақстанның Халық артисі, 20 — Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 2 — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 12 — Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, 3 — ҚР Мәдениет саласының үздігі, 10-нан аса Халықаралық және Республикалық театр фестивальдарының лауреаттары, бірнеше Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаттары, сонымен қатар, көптеген орден-медальдардың иегерлері шықты.
Театрдың негізін қалаған алғашқы труппасында Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Мұхаметқали Табанов, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов сынды дарынды өнер иелері қызмет етті.
Сондай-ақ, Жамбыл театрына көптеген белгілі режиссерлардың айшықты қолтаңбалары қалған. Олардың қатарында белгілі қырғыз режиссері Бообек Ибраев, қазақтың беткеұстар өнер дарабоздары Әзірбайжан Мәмбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Есмұхан Обаев, Нұрқанат Жақыпбаев, талантты режиссерлар Әскер Құлданов, Шопан Кәрібаев, Тастан Өтебаев, Мұрат Бекхожин, Алтынбек Оңалбаев, Мұрат Ахманов, Болат Ұзақов, Рүстем Жаныаманов және басқа да режиссерларды атауға болады.
Театрдың тұңғыш директорлары Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедовтер болса, театр ұжымын одан беріде әр жылдары Сәдуақас Ирғалиев, Әбіл Төлебаев,Тұрар Дүйсебаев, Әлібек Әмзеұлы, Шопан Кәрібаев, Атахан Апсаматов, Талғат Сұлтанбеков, Сыпатай Өсербаев, Талғат Сұлтангереев, Құрманғазы Демешов, Қуандық Қасымов, Асқарбек Сейілхан, Ғани Садырбаев және т.б. басқарды.
Жамбыл облыстық қазақ драма театры – үлкен өнер жолынан өткен, республикамыздағы тарихын әріден алатын қадау-қадау театрлардың бірі де бірегейі.