Облыстағы 377 елді мекеннің 362-нің бас жоспары бекітілді. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дәулет Досанов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Дәулет Іңкәрбекұлының айтуынша, елді мекендердің бас жоспар жобаларымен қамтылуы, облыста барлығы 377 елді мекен бар, оның ішінде тұрғындардың саны 5 мыңнан асатыны 28 елді мекен және 4 қала, ал қалған 345 елді мекеннің тұрғындарының саны 5 мыңға дейінгілері. 2010-2018 жылдары аралығында облыста 377 елді мекендердің 362-не бас жоспар жобалары әзірленіп, бекітілді.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымдары туралы» Заңының 2 бабына сәйкес, аудандар бойынша 15 елді мекеннің халқының есептік саны 50-ге жуық болуына байланысты, оңайлатылған сызба жобаларының әзірленуін жергілікті сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi орган анықтайды.
Сондай-ақ, облыс бойынша бүгінгі таңда жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдеріне Тараз қаласы мен аудандар әкімдіктерінде 108 388 азамат (01.10.2018жылғы жағдайға) кезекке тіркеліп, 2018 жылдың 9 айында 810 жер телімі берілді.
Тараз қаласы және аудан әкімдіктер тарапынан барлығы 27 тұрғын алқап, 2 307,93га құрайтын аумаққа инфрақұрылым жүйелерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жоспарланды. Аталған жұмыстар орындалған жағдайда 13 315 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға беріледі, оның ішінде биыл 3 096 жер телімі беріледі.
Сонымен қатар, облыс бойынша «жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін алуға кезекте тұрғандардың электронды тізілімін» қалыптастыру мақсатында, Тараз қаласы мен аудандар және ауылдық округ әкімдіктерінде жер теліміне кезекте тұрған азаматтар тізімі негізінде электронды базалық дерекқор жүйесі әзірленді.
Электронды базалық дерекқор жүйесі негізінде облыс бойынша жер телімі үшін кезекке тіркелген азаматтардың нақты саны сондай-ақ, жеке тұлғалардың бірнеше елді мекенде тіркелгендері, жер телімінің нақты сұраныс көлемі анықталады.