Бүгін қазақстандық үш боксшы Буэнос-Айресте өтіп жатқан Жасөспірімдер олимпиадасында финалдық жекпе-жектерін өткізеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақапараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтық сынға Талғат Шайкен (64 келі), Айбек Оралбай (91 келі) және Дамир Тойбай (+91) шыққан болатын.
Боксшыларымыздың қарсыластары да белгілі болды. Талғат Шайкен финалда ресейлік Илья Поповпен қолғап түйістірсе, Айбек Оралбай алжирлік Мохаммед Хадиске қарсы шығады. Ал аса ауыр салмақтағы спортшымыз Дамир Тойбай әккі қарсылас, бұған дейін де шаршы алаңда кездескен ресейлік Алексей Дроновпен жұдырықтасады. Отандасымыз Әлем чемпионатында А.Дроновқа жол беріп, күміс жүлдегер атанған болатын. Бұл нағыз есе қайтаратын сәт екені даусыз.
Сондай-ақ бүгін әйелдер арасында ел намысын қорғап жатқан Надежда Рябец те шаршы алаңға шығып, алжирлік боксшымен қола медаль үшін сынға түседі.
Жекпе-жек Астана уақытымен тамыздың 17-сінен 18-іне қараған түнгі, яғни бүгін сағат 00:00-де басталады.
Айта кетейік, Жасөспірімдер олимпиадасының 17 қазан күнгі жарыс кестесіне сай бүгін, сондай-ақ велоспорттан (ерлер мен әйелдер, кешенді жарыс, критериум) финалдық сайыстар өтеді. Ел намысын Е. Федоров, Г. Брусенский, М. Курносова, С. Пащенко қорғайды. Басталуы — Астана уақытымен сағат 20.00-де.
Буэнос-Айрес астанасы Аргентинада ІІІ Жазғы жасөспірімдер олимпиадасы 6-18 қазан аралығында өтеді. Оған 206 мемлекеттен 4 мың спортшы қатысуда. Жарыстар бағдарламасына спорттың дәстүрлі 28 түрінен бөлек, спорттық билер (брейк-данс), каратэ, тауға өрмелеу, роликпен сырғанау қосылып отыр.
Байрақты додада ел намысын 58 спортшы қорғауда.