Жолдауды жүзеге асыруға 1 триллион 800 миллиард теңге бөлінетін болды Жолдауды жүзеге асыру үшін 1 триллион 800 миллиард теңге қажет. Қаржы министрлігі оны қай салаларға жұмсайтынын жариялады. Оның ішінде 300 миллиард теңгеге жуық қаражат ең төменгі жалақы алатын бюджеттік қызметкерлерге бөлінбек.
Қыруар қаражат соңғы жолдауда айтылған негізгі 6 бағытты жүзеге асыруға жұмсалмақ. Соның ішінде мұғалім, дәрігер сияқты бюджеттік қызметкерлердің төменгі жалақы мөлшерін ұлғайтуға 288 млрд. теңге бөлінеді. Оны алдағы үш жыл қатарынан 96 млрд. теңгеден бөліп аудармақ.
Оның 85,8 миллиарды таза азаматтық саладағы мемлекеттік қызметкерлердің еншісіне тиеді. Мысал үшін, бюджеттік қызметшінің табысы 28 284 тг болса, оған енді 14 142 тг қосылып, 42 426 теңге алатын болады. Қаржы министрінің айтуынша, бұл бүкіл халықтың табыс көлемінің артуына ықпал етеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:
-Бюджетке қарайтын 275 мың азаматтық сала қызметкерінің жалақысы бір жарым есеге көбейеді. Соның арқасында еліміздегі орташа жалақы мөлшері 9,1 пайызға өседі. Ал халықтың нақты кірісі инфляция үлесін алып тастағанда 4,6 пайызға артады.
Яғни, аурухана, мектеп немесе әкімшілік, әлеуметтік, коммуналдық мекемелердегі жаттықтырушы, тәрбиеші, еден жуушы, күзетші сынды мемлекет шаруасымен айналысып, ең төменгі жалақы мөлшерін алатын қызметкерлердің табысы енді бір жарым есеге өседі. Ал жеке компаниялар олардың жалақысын өз бюджеті есебінен өсіруі тиіс.
Министрліктің есебіне қарасақ, республикалық бюджет жүз миллиард теңгеден аса қаржыдан қағылайын деп тұр. Бизнесті билік қысымынан арылту үшін мемлекет басшысы алдағы жылы салық амнистиясын жүргізуді тапсырған болатын. Айдың басындағы мәлімет бойынша, кәсіпкерлердің төлейтін салығы 294 млрд. теңгені құрайды. Оның 111 миллиарды өсімақы, 5 жарым миллиарды айыппұл. Егер кәсіпкерлер салықтың негізгі бөлігі – 178 миллиардын келер жылдың соңына дейін төлеп бітсе, өсімі мен айыппұлы кешіріледі. Бұл тек Елбасы жолдауын жариялағанға дейінгі қарыздар. Яғни, бизнесмендер бұдан кейін мұндай жеңілдік көрмейді.
Дереккөз: KTK