Халықаралық «ЖасStar» фестивалінде белгілі спортшылар мен актерлер, режиссер-операторлар өз білгендерімен бөліседі. Алматыда басталған мәдени шараның басты ұйымдастырушысы – ҚР Тұңғыш президентінің қоры.
Біржан Хасанғалиев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы мәдени кеңес төрағасы:
— Менің ойымша бұл біздің өнеріміз үшін өте жақсы бастама. Бір жағынан, Тұңғыш Президент-Елбасы қолдауымен өтіп жатқан іс-шара. Басқа да өнер иелері үшін үлкен қолдау.
Биыл осымен тоғызыншы рет өткізіліп отырған «ЖасStar» фестивалі үлкен гала концертпен ашылды: халық әндерін қобызшылар мен домбырашылар, жеке әншілер орындап, айнала әдемі ән-күйге бөленді. Сондай-ақ, келушілер сурет көрмесін де тамашалай алды. Өздерінің үздік туындыларын отандық, Қырғызстан, Түркия мен Украинадан келген суретшілер көпшіліктің назарына ұсыныпты. Олардың көпшілігі бұл картиналарын айлап, тіпті жылдап салған көрінеді. Алдағы он күн ішінде суретшілерден өзге атақты спортшылар мен актерлер, музыканттар ашық аспан астында еліміздің жастарына дәріс оқымақ. Айта кетейік, фестиваль қазіргі драматургия бойынша жастарға үлкен мүмкіндіктер бермек. Өнер мейрамына мұз айдынының атақты шебері Алексей Ягудиннің өзі қатысады. Ол өткізетін шеберлік сыныбы «Денис Тен қорымен» бірге ұйымдастырылған. Думанды шара «Аққу көлі» балетімен жабылатын болады.
Нағима Ескалиева, ҚР халық әртісі:
— Қазіргі жеңіл-желпі әуендерді емес, халықтың әдемі, әуезді әуендерін тыңдату керек халыққа. Себебі, соны тыңдап өскен ұрпақ қана сапалы музыканы дүниеге әкеле алады.
Дереккөз: KTK