Электронды үкімет порталы мен egov.kz Telegram-ботында балаларды емханаға тіркеу қызметі іске қосылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бұл қызметті әзірлеген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлауынша, ол үшін пайдаланушы egov.kz порталына тіркеліп, электронды цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті. Тағы бір айта кетерлігі, онлайн-қызмет 2007 жылға дейін туған балаларға көрсетілмейді.
Пайдалану үшін алдымен порталдағы «Денсаулық сақтау» бөліміне кіреміз. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу» қызметін таңдап, балаға қызмет көрсету опциясын басамыз.
Жүйе баланың ЖСН енгізуді сұрайды. ЖСН негізінде туыстық байланыстарды анықтау үшін АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сауал жолдайды. Бұл көп уақыт алмайды. Процесс аяқталғаннан кейін сіз онлайн-өтінімге тұратын аймағы, медицина ұйымы, тіркеу себебі, учаскелік дәрігер деген сынды тағы да басқа мәліметтерді толтыруға мүмкіндік аласыз.
Көрсетілген қызметтің нәтижесі өтініш жолдаушының порталдағы жеке кабинетіне жолданады. Қызмет көрсету мерзімі бір жұмыс күнінен аспауы тиіс.
Аталған қызметті Telegram Bot арқылы алу үшін https://t.me/EgovKzBot сілтемесін пайдалануға болады. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркеу» қызметін басып, чаттағы тиісті батырмаларды басу қажет. Қызметті бот арқылы алу үшін оған жазылу шарт.
Естеріңізге сала кетсек, қазір елімізде жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны жүріп жатыр. Екі айлық дәстүрлі кампания 15 қарашада аяқталады.