– Сіздермен қонақжай әрі жас елордамыз – Астанада жүздескеніме қуаныштымын. Ашылу рәсіміне қатысып отырған Эстония Премьер-Министрі Юри Ратас мырзаға және шетелдік қонақтардың бәріне алғыс білдіремін. Бұл шара төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында Қазақстан үшін өзекті болып саналады, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті еліміз бен қоғамымызды одан әрі дамыту ісінде цифрландыру үдерісінің мәні зор екенін атап өтті.
– Заттар интернеті, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейн адамзат өмірінің бүкіл саласына белсенді түрде еніп келеді. Бұл – қазіргі заманның негізгі үрдісі. Цифрландыру мемлекеттердің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының біріне айналды. Бүгінде әлемнің жетекші елдері, сондай-ақ олардың G-20 және Еуропа Одағы сияқты бірлестіктері өздерінің цифрландыру жөніндегі стратегиялық құжаттарын қабылдады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі цифрландыру бағдарламасының жүзеге асырылу үдерісі мен осы бағытта қол жеткізілген нәтижелерге арнайы тоқталды.
– Қазақстан – ТМД-да мемлекеттік қызмет көрсету ісін электронды форматқа көшіруді бірінші болып бастаған елдердің бірі. Былтыр Қазақстанның үшінші жаңғыруына қадам бастық. Нақты жетістіктеріміз де бар, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркі қазіргі инновациялық экожүйенің өзегіне айналуға тиіс екенін айтты.
– Технопарктың жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза және еңбек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық және басқа да жеңілдіктер беріледі. Технопарк базасында тәлімгерлік институты құрылды. Оның аясында сарапшылар стартап-командаларға қамқорлық жасайтын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ІТ-технологияларды дамытуға тартылған дарынды жастарды қолдау қажеттігіне назар аударды.
– Бізге ІТ-таланттардың жаңа буынын қалыптастыру керек. Басты мақсатымыз – ақылды әрі қабілетті балаларға көмек көрсету. Біз жеке бастамаларды, бағдарлама жасау мектептерін, роботтық техника мен кибер-спортқа қатысты спартакиадалар мен олимпиадаларды жан-жақты қолдаймыз. Жоғары оқу орындарында оқу бағдарламалары жаңартылды, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанда Бизнесті жебеушілер клубын (QazAngels), Венчурлік капиталистер қауымдастығын және Бірлесе инвестициялау қорын құру мәселесі жөнінде айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты инновациялар мен цифрлық технологияларды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырып, бұл саланы ілгерілету үшін зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.