Тараздық полицейлер қызмет бабында қаза тапқан ІІО қызметкерлерін еске алды

0 11

Тараз қалалық Полиция басқармасында қызмет бабында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алуға арналған іс-шара өткізілді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Аталмыш жиынға ІІО ардагерлері, жас мамандар, ПБ-ның басшылығы, жеке құрамы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, бірнеше азаматтың өмірін сақтап қалуда ерлік көрсеткен бүгінгі бейбіт заманның батырлары полиция қызметкерлері қатысты.

Салтанатты шара жеке құрамның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан басталып, жас мамандарға 2011 жылы Тараз қаласында қауіпті қылмыскерді ұстау барысында аса ерлікпен қаза болған «Халық Қаһарманы» полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы толық мағлұмат берілді. Тараз қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі С.Сексенбаев полиция қызметкерлерінің күнделікті қызмет борыштарын атқару барысында оқыс оқиғалардың көптеп кездесетіндіктеріне тоқталып, Отанымыз өздерінің патриот ұлдарын ешқашан ұмытпайтындығын, бейбіт өмірде ерлік жасап, қарапайым азаматтардың өмірлерін сақтап қалған әрекеттері бүгінгі жастарға үлгі болатынын айта келе, «Халыққа қызмет ету-азаматтық парызымыз» екендігін тілге тиек етті.

Іс-шара соңы батырларымызға Тараз қалалық ПБ басшылығы мен жеке құрамының атынан естелік үшін арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің қиын да, ауыр жұмыстарына арнайы жазылған «Полиция сақшылары» атты әннің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, қалалық ПБ Ардагерлер кеңесінің мүшелері Ш.Тұрдалы мен М.Жаналиев ерлікпен қаза болған «Халық Қаһарманы» полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа және қазіргі бейбіт заманның батырларына арнап өздері шығарған өлең шумақтарын оқыды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.