Әлеуметтік желілерде «Тараз қаласында нан бағасы қымбаттады» деген мәлімет таралып, түрлі пікірлер айтылуда. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі xабарлайды.
Таралған ақпаратта 1 бөлке нанның құны 65-теңгеден 75-теңгеге өскені көрсетілген. Оның қаншалықты рас немесе жалған ақпарат екендігі туралы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы жауап берді.
— Көпшілікке белгілі болғандай, 19 қараша күні таңертең қаладағы сауда орындарында нан бағасының қымбаттағаны туралы мәлімет тарады. Бұл мәселені әкімдік бірден қолға алдық. Облыс әкімінің орынбасары деңгейінде барлық сауда орындары мен дүкендерге мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында екі ірі нан өндіруші өздерінен өткізу бағаларын 10 теңгеге көтергені анықталды. Ол алдын-ала жергілікті билікпен келісіліп, қабылданған шешім емес. Осыған орай, қазір шұғыл жұмыстар қолға алынуда. Бүгінде Таразда 8 нан өндіруші наубайxана бар. Олар бидай мен ұнның бағасының өсуіне орай нан бағасын да көтеруді сұрап отыр. Сол арқылы жұмысшылардың айлығын арттырып, өздерінің техникалық жағдайларын да жақсартпақ. Мониторингтен соң шұғыл жиналыс өткізіп, нан өндірушілермен келісімге келдік, — деді Б.Нығмашев.
Басқарма басшысы алдағы 6-7 күнде нан зауыттарының жұмысы мен табысына хронометраж жүргізілетінін жеткізді. Сол бойынша олардың нақты табысы мен шығындары есептелмек. Осыдан кейін ғана нақты шешім қабылданады. Оған дейін нан қалыпты түрде 65 теңгеден сатылмақ. Ол тиісті орындармен қадағаланбақ. Берік Болатұлы ұн бағасының өсіміне орай алдағы уақытта бір бөлке нан құны 2-3 теңгеге өсуі мүмкін екенін де жасырмады.
Айта кету керек, 22-қазандағы жағдайға сәйкес Таразда бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген 1 кг нанның құны – 100 теңге. Бұл республика көлеміндегі ең төмен көрсеткіш. Демек, әзірге ең арзан нан – Таразда. Ал, бір бөлке нанның салмағы 600-650 граммды құрауы тиіс.
— Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында қаржылай сақталған 717 мың бөлке нан бар. 15-20 күн аралығында 17 мың нанды өткердік. Ол арнайы дүкендерге 55 теңгеден жеткізіліп, 58 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорында 417 тонна ұн бар. Қажет болса басқа да қолдаулар жасауға дайынбыз,-деді басқарма басшысы.