Енді дертке дауа іздеген таластық тұрғындар алысқа ұзамай ауылда қарала алады. Тек ауданның өзінде 1 аурухана, 1емхана, 7 амбулаториялық, 13 медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет көрсетеді. Ауылдық округке қарасты елді мекендер де қолжетімді медициналық көмекпен толық қамтылған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Талас ауданында екі бірдей медициналық пункт пайдалануға берілді. Сейілбек және Тұрымқұл ауылында бой көтерген мекеменің құрылысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүргізілді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек алу қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған нысанды «АгроСпецСрой» ЖШС-гі 3 ай көлемінде салып бітірді. Оған жұмсалған қаражат көлемі 22 млн. теңге.
Бұған дейін ауылдағы мектеп ішінде орналасқан мекеменің бөлмелері тар болғандықтан келушілерді қабылдау қиынға соғатын. Енді міне, өз алдына дербес жарық, кең әрі жылы ғимаратқа көшірілсе деген көпшіліктің тілегі іске асты .
Ел игілігіне берілген медициналық пунктің ашылу салтанатына аудан әкімі Досмаханбет Алиев бастаған мекеме басшылары қатысып, тұрғындарға ортақ қуанышпен бөлісті.
239 тұрғыны бар Тұрымқұл ауылындағы жаңа ғимарат 5 келушіге арналған. Қажетті жабдықтармен толықтырылған заманауи үлгідегі көз тартар ғимараттың ашылу сәтіне куә болған ауыл ақсақалы Бескемпір Бейсенбиев тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.
Салтанатты рәсім барысында құрылыс жұмысына жауапты мердігер компанияның өкілі Руслан Усеров Ойық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Зира Сейілбекқызына медициналық пунктің символикалық кілтін салтанатты жағдайда табыс етсе, жаңа ғимараттың лентасын Бескемпір Бейсенбиев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы қиды.
Дәл осындай медициналық мекеме Сейілбек ауылында да ашылды. Шалғай орналасқан елді мекенде медициналық қызмет көрсететін арнайы мекеме бұған дейін болмаған. Мереке қарсаңындағы тартуға алғысын жаудырған ауыл ақсақалы Рақымжан Түкебаев:
— Денсаулық мәселесі Елбасы Жолдауында басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетілді. Ендігі кезекте отандық медицина асқынған ауру түрін емдеп, көп қаражат жұмсағанша аурудың алдын алу мақсатында тиімді жұмыстар атқарылмақ,-деді.
Пайдалануға берілген мекеменің ішін аралап, жұмысымен танысқан аудан әкімі ақ халатты абзал жандардың ісіне сәттілік тіледі.
Нарбол Қашаған