Меркі ауданында Тұңғыш Президент күніне орай бірдей үш амбулаториялық пункттің ашылу салтанаты өтті. Медициналық нысандар Тұрлыбай батыр, Мыхан, Екпінді ауылдарында орналасқан, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA.
Алғашқы нысан Тұрлыбай батыр ауылдық округінде пайдалануға берілді. 5 келушіге арналған медициналық пунктінің ашылу салтанатына аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, аудан тұрғындары, ауыл ақсақалдары қатысты. Амбулаториялық пункттің құрылысын «Промхиммонтаж» акционерлік қоғамының құрылысшылары жүргізген. Құны-26 403 мың теңге.
ФАП меңгерушісі Зәуре Кенжатаеваның жиырма жылдық тәжірибесі бар. Өз ауылында осындай ғимараттың ашылып, халықтың денсаулығы назардан тыс қалмай, шалғайда тұрған ауыл болса да заманауи жабдықпен қамтылғанына дән риза.
Ал «Мыхан» ауылындағы дәрігерлік амбулатория 15 келушіге арналған. Бұл ғимаратты «Жанайым құрылыс» ЖШС салды. Жобалық құны- 34 993 мың теңге .
Үшінші медициналық нысан Меркі ауданы Екпінді ауылында пайдалануға берілді. 10 келушіге арналған фельдшерлік амбулоториялық пункттің құны 29 906 мың теңге.