Шахан және Көкөзек ауылдарында медициналық пункт пайдалануға берілді

0 2

Байзақ ауданына қарасты Шахан және Көкөзек  ауылдарында бір мезетте бес келушіге арналған медициналық пункттер ашылды. Қос ауылдың тұрғындары елді-мекендерде осындай әлеуметтік нысандардың ашылғанына дән риза,-деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Көкөзек және Шахан ауылдарында екі мыңдай тұрғын бар. Осыған дейін аудан орталығы Сарыкемер ауылына келіп ем қабылдайтын тұрғындарға енді алғашқы көмек  осы медпунктте көрсетіледі. Бір мезетте бес келушіні қабылдауға арналған нысанда барлық жағдай жасалған.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру және ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу туралы нақты тапсырма бергені белгілі. Соның жарқын мысалы – бүгін міне,  Шахан ауылында  көптен күткен фельдшерлік-акушерлік пункті ашылды. Осы уақытқа дейін бұл ауыл тұрғындары денсаулығын жолға қою үшін аудандық орталық аурухана мен Темірбек елді мекеніндегі амбулаториялық пунктке жүгінсе, енді алысқа бармай-ақ ем-дом қабылдай алады. Осындай қолдау көрсетіп отырған Елбасымызға үлкен алғысымызды білдіреміз, — деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамеджан Садырқұлов.

— ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Байзақ ауданында сегіз нысан ашылды. Оның алтауы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған медициналық ғимараттар. Осыдан екі-үш жыл бұрын сот шешімімен аудандағы 11 ғимарат апатты жағдайда деп танылған болатын. Өткен жылы елді-мекендерде үш медициналық нысан халық игілігіне пайдалануға берілсе, биыл тағы сегізі ашылды. Соның нәтижесінде аталған ғимараттардың мәселесі өз шешімін тапты. Өздеріңіз көргендей құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілген. Жабдықтары да талапқа сай. Мұның барлығы ауыл тұрғындарына жасалып жатқан қамқорлық, игілікті іс деп санаймын, — деді аудан әкімі Рахметілдә Рахманбердиев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.