Тараз қалалық “Достық” үйінде «Біз – Қазақстан халқымыз» атты этномәдени бірлестіктердің фестивалі өтті. Бұл туралы “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Іс-шара қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
— Мемлекет басшысы айтқандай ассамблея ол — еліміздегі бүкіл этностардың басын қосатын негізгі ұйым. Өңірдегі 1 қалалық, 47 аудандық және 26 облыстық этномәдени бірлестіктердің фестивальға қосқан үлесі зор. Аймактағы этнос аралық қатынастардың жақсы болуы да осы бірлестіктердің жеңісі деп білемін. Жуырда Елбасының жариялаған рухани мақаласымен байланыстыра келе, кез келген халықтың өз тарихын біліп қана қоймай, жастардың бойындағы еліне деген сүйіспеншілігін, тарихына деген мақтанышын жеткізе отырып өркениеттік дамуға қосар үлесін айта кету керек, — дейді Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Маржан Қожаева.
Фестивальда облыстық ассамблеяның жыл бойы жасаған жұмыстары қорытындыланып, қоғамдық жұмыстарға ерекше белсенділік танытқан ақсақалдар және аналар кеңесін, этномәдени бірлестік өкілдері, оның ішінде неміс, дүнген, түрік ұйғыр және тағы басқа ұлт өкілдері, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері мен серіктестік танытқан мекемелер марапатталды.
— Елбасы айтқандай келер жыл жастар жылы болып жарияланды. Ал біздің жастар өте белсенді. Сол себептен еліміздің болашағы жарқын боларына сенемін. Сонымен қатар барлық ұлт өкілдерін құттықтай отырып, тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын дегім келеді, — деді «Днепро» Украин мәдени орталығының жетекшісі Федор Клименко.
Айта кетейік, еліміздегі этномәдени бірлестіктер түрлі ұлттың дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, экономиканың дамуына да айтарлықтай үлес қосып келеді.