Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты сотқа дейінгі тыңдалым барысында Денис Теннің анасы Оксана Теннің қорғаушысы істі қайта қарауды сұрады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Денистің анасы екеуіміз 39 томдық істі қарай келе қарама-қайшылыққа толы 14 деректі таптық. Ол деректер бұл қылмыстың тапсырыспен болғанын көрсетеді. Сондықтан, ол тұлғаларды да жауапқа тарту үшін аталған істі бөлек өндіріске бөлу мақсатында прокурорға қайта қарауға жіберуді сұраймыз»,- деді Оксана Теннің өкілі Нұрлан Өстеміров.
Процессуалды прокурор Қуандық Досов істі қайта қарау туралы талап арызды қанағаттандырмауды өтінді. Судья аталған талап-арызды кеңесу бөлмесінде шешетінін айтты.
Сонымен қатар, прокурор іс бойынша 26 куəгер сұралатынын айтты.
Мұның алдында сотталушылардың жеке тұлғасы белгілі болған еді. Сотталушы Жанар Толыбаева өзінің жүкті екенін мəлімдеген болатын.
Қылмыстық іс 38 томнан тұрады.
Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын.
Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті.
Еске сала кетсек, қыркүйек айының соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталмыш қылмыстық істің тергелуіне қатысты мәлімет берген болатын.
Бүгін Алматы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотта белгілі спортшының өлімі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті.