Жамбыл облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 35 отбасы пәтер алды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің» Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин, «Банк ЦентрКредит» АҚ Тараз қаласындағы филиалының директоры Бекдауыл Иптилдаев «Қазақстан Халық банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлыбек Сейдахметтің қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Спикерлердің айтуынша, «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық Бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері, яғни 6 ай ішінде, 21.12.2018ж. жағдай бойынша Жамбыл облысы бойынша банк-серіктестер 721 млн. теңге сомасына 80-нен аса өтінім қабылдады. Олардың ішінде 400 млн. теңге шамасындағы 45 өтінім мақұлданды және 300 млн. теңге сомасына 35 кредит берілді.
Бұдан басқа, Тараз қаласында «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғимаратының 1 қабатында 7-20-25 бағдарламасы бойынша ақпараттық орталық ашылды. Бұл жерде банк-серіктестерден бағдарлама шеңберінде тұрғын үй алу бойынша кеңес алуға болады. Сонымен қатар, аталған орталықта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Арай ықшам ауданында тұрғызылған үйлерді өткізуді төмендегі рет бойынша ұсынатын Тараз қ. Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы (бұдан әрі – ТКШ) өкілдері бар.
1. Әлеуетті сатып алушылар ТКШ қызметкерлеріне жүгінеді және Арай ы/а ұнаған пәтерді таңдап алады.
2. Содан кейін ТКШ қызметкерлері таңдаған пәтерді брондайды және әлеуетті сатып алушыға төлем қабілеттігін бағалаудан өту үшін ЕДБ жолдама береді. Жолдамамен бірге 7-20-25 Бағдарламасының қатысушылары болып табылатын ЕДБ тізімі (Халық Банк, ЦентрКредитБанк, АТФ банк, Форте банк, Цесна банк, Еуразиялық банк) көрсетіледі. Сатып алушы қай ЕДБ жұмыс істейтінін және қай кредиттік комитеттен өтетінін (немесе алдын ала төлем қабілеттілігі) өзі анықтайды.
Бүгінгі күнге Арай ы/а сатылуға ұсынылған 100 пәтердің ішінен пәтер алуға ниет білдірген қатысушылардың саны шамамен 53 немесе 50% жоғарысын құрайды, оның 25 бойынша Тараз қ. ТКШ бөлімімен әлеуетті қарызгерлердің төлем қабілеттігін бағалау және тексеру үшін банк-серіктестерге жолдамалар берілген.
Айта кетейік, Жамбыл облысында бүгінгі күнге 6 банктің филиалы белсенді, олар –ЦентрКредитБанк, АТФ банк, Халық Банк, Цесна банк, Еуразиялық банк және Форте банк филиалдары.