Қордай ауданының әкімі халық алдында есеп берді

0 23

Қордай ауданы әкімі Болатбек Байтөленің халық алдында есеп беру кездесуі шалғайдағы Қарасай ауылынан бастау алды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің бірлескен есебіне аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары, бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Әуелі Қарасай ауылдық округі әкімі Кулжахан Елемесованың бір жыл бойы атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, ауылда атқарылған жұмыстар жетерлік. Абаттандыру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салалары бойынша тындырылған тірліктерді жіпке тізіп айтып өтті.

Сондай-ақ, қайырымдылық жұмыстары мен іс-шараларды тілге тиек еткен ауыл әкімі жастарға да көңіл бөлетінін жеткізді. Алайда, ауыл әкімінің есебіне қанағаттанбаған аудан әкімі біраз сын айтты.

Сонымен қатар, «игерілмей жатқан жер иелерімен қандай жұмыс жүріп жатыр, ол не себептен игерілмей жатыр, қаржы тапшылығы болса, несие серіктестерін тартып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізуге болатын еді» деген сындар да айтылмай қоймады.

– Ауыл әкіміне сайлауға түсерде сайлауалды бағдарлама ұсынып, бірқатар мәселелерді тізген едіңіз. Сол мәселелер жайлы бір мәлімет бермедіңіз. Ауыл әкімі тек кездесу мен іс-шара ғана өткізіп қою емес, ауылішілік мәселені күнделікті зерделеу, түйіні табылмаса ауданға шығу, деді аудан басшысы.

Келесі кезекте ауданда атқарылған бір жыл бойы жұмыстарды халық алдына баяндау үшін мінберге аудан әкімі Болатбек Байтөле шықты. Өткен жылғы ауданда атқарылған ауқымды жобаларды, тиянақты тындырылған тірліктерді, жеткен жетістіктерді, халық игілігіне жасалған шаруаларды толықтай баяндап өтті. Баяндама аяқталған соң кезек сұрақ-жауапқа берілді. Әуелгі сұрақ денсаулық саласы бойынша көтерілді. Ауылда дәрі-дәрмек жеткіліксіз және аудан орталығына қатынау қиын екенін алға тартқан ауыл тұрғындарына АОА бас дәрігерінің орынбасары Эйвас Заманов жауап берді.

Сондай-ақ, ауылдың басты мәселесінің бірі – ауыз су. Бұл жөнінде қойылған сұраққа аудан әкімі: «Аталған мәселені зерделеп, шешімін таптық. Бұл шаруамен айналысатын мекемелер бар. Олар жұмыс атқарып жатыр. Олардың мәліметінше, 2018 жылы суға бұл ауылдан еш қаржы жиналмаған», – деп әлі де бұл мәселені зерделейтінін жеткізді.

Бұдан да өзге жеке мәселесімен келген жандардың сұрақтары қаралып, ол жөнінде тиісті жауаптар берілді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тоқаев сөз алып, бүгінде ауылдың күн санап көркейіп келе жатқанын тілге тиек етті.

Жиын соңында аудан әкімінің атқарған жұмысына, берген есебіне ауыл тұрғындары атынан жақсы деген баға берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.