Тараз тағы түрленеді

0 0

Өткен жылы облыс орталығы – Тараз қаласының келбетін айшықтайтын көптеген жобалар қолға алынып, жүзеге асырылды. Шаһар шырайын арттыратын жұмыстардың нәтижесін барша тұрғындар сезіне білді десек артық айтқанды емес. Басқа бастамаларды айтпағанда, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» және Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтарын, «Үшбұлақ» каналының жағалауына абаттандыру жұмыстары Тарихи Таразды барынша түлете түскені сөзсіз. Қала келбетін арттыратын мұндай ауқымды жобалар биыл да өз жалғасын таппақ. Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен қала кеңесінде ағымдағы жылы атқарылатын жоспарлы жұмыстардың барысы пысықталды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосуда алғашқы болып сөз алған «Сәулеттік бюро» мекемесінің директоры Арман Әбдешов «Шахристан» мәдени-тарихи орталығының эскиздік жобасы, «Мамыр» саябағын қайта құру, «Жастар аллеясының» құрылысын талқылау секілді жобалардың жоспарына тереңірек тоқталып өтті.

Айта кету керек, 200 гектардан астам аумақты алып жатқан Шахристан кешенінің келбеті жаңа кейіпке енеді. Онда алдағы уақытта көркем сурет галереясы, музей, көрме және руханият орталығы, арбат, қолөнер шеберханасы, мейрамхана, сонымен қатар амфитеатр және көлемді сағат стелласы сияқты бірнеше нысан бой көтермек. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды асқан мұқияттылықпен қарап, орталық маңында қонақтар үшін барлық жайлы жағдай жасалу керектігін баса айтты. Оның ішінде, сол аумақтағы көлік қозғалысы, ғимараттардың эскиздік үлгісі, көшелердің тұйықталар тұстарын реттеу және тағы басқа мәселелер назарға алынды. Сондай-ақ, «Атшабар» аумағы мен «Мамыр» саябағының қайта жаңғырту шараларының да жобасы сараланды.

Жиында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына атракциондар орнату, Үшбұлақ жағалауындағы абаттандыру жұмыстарының жалғасы, Тараз қаласындағы көшелер қиылысындағы бағдаршамдар мен жол белгілердің орналасу тәртібі, «Қазақ хандығы» монументінің айналасындағы жер мәселелері де жан-жақты қаралып, талқыланды.
Асқар Исабекұлы бұл жобалар бойынша қажетті құжаттарды тезірек реттеу үшін тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, «Шахристан» аумағындағы құрылыс жұмыстарын уақыт созбай бастау керектігін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.