Өңірде 10 қаңтар – 10 ақпан аралығында «Қамқорлық» дәстүрлі республикалық акциясы өтті. Биыл акция аясында табысы төмен отбасылар мен көп балалы отбасылардан шыққан 4 662 балаға демеушілер есебінен жалпы сомасы 22 млн. 134 мың 675 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Игі шара мақсаты – аз қамсыздандырылған, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, әлеуметтік көмек алуға құқылы басқа да топтарға жататын балаларға әлеуметтік көмек көрсету, мектеп жасына дейінгі оқумен қамтылмаған балаларды анықтап, тіркеу, сондай-ақ, балалардың әлеуметтік себептермен мектептен қалуын болдырмау.
Акция аясында облыс бойынша саяжайларда, шаруашылық, фермерлік егістіктерде, базарларда, көп қабатты үйлердегі жертөлелерде, темір жол және автобус бекеттерінде, көңіл көтеретін мекемелерде, компьютерлік клубтарда, мөлтек аудандарда барлығы 958 рейдтік іс-шара жүргізілді. Рейдтік іс-шараларға білім беру және балалардың құқығын қорғау, денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, қоғамдық бірлесті өкілдері, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, ата-аналар, барлығы 1582 тұлға қатысты.