Тараз қаласындағы «Достық» үйінде Алғыс айту күні кең көлемде аталып өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Мерекелік шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктердің басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық соттың төрағалары, Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, облыстық медиаторлар, қылқалам және қолөнер шеберлері, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шарада «Достық» үйінің бірінші қабатындағы фойеде «Өмір ағашы» орналастырылып, оған тілек жазылған қағаз алмалар ілінді. Сонымен қатар, қайырымды жандар үшін мұнда «Жүрек» инсталляциясы да қойылып, онда денсаулық жағдайынан қаражатқа мұқтаж жандардың фотосуреттері жабыстырылды. Ал ғимараттың екінші қабатында қазақ халқының ежелден келе жатқан киіз үйі орналастырылып, дастарханға қазақтың ұлттық тағамдары қымыз, құрт, ірімшік, бауырсақ т.б. келген қонақтарға ұсынылды. Бұдан бөлек, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген киіз үй ішінде қамшы, домбыра сияқты бұйымдар қойылды.
Айтулы күні М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасының оқытушылары дайындаған этникалық стильдегі заманауи қазақы киімдерден дефиле ұйымдастырды. Сән көрсетілімімен бірге қалалық, облыстық қолөнер және қылқалам шеберлерінің тундыларынан көрме көрсетілді.
Алғыс күніне арналған мерекелік іс-шара ары қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың алғы сөзімен басталды.
— Сіздерді «1-наурыз – Алғыс айту» күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ҚХА ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күні – 1 наурызды алғыс айту күні» атап өтуді ұсынды. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл елдің бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі. Құрметті жерлестер! Халқымыз алғыс, бата алуға үлкен мән берген. Ендеше, осындай күнді пайдалана отырып, айналамыздағы мұқтаж жандарға қол ұшын созсақ, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға аз да болса көмек көрсетсек жақсы болар еді. Қоғамның ең басты құндылығы – тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін осы атаулы күнді барынша жоғары деңгейде өткізу қажет. Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, бейбітшілік пен келісім, сәттілік және жанұяларыңызға бақыт тілеймін!, -деді Ол.
Ары қарай мерекелік кеш әсем әуен мен мың бұралған бишілердің өнерімен жалғасты.
Іс-шара соңы әр этномәдени бірлестік мүшелерінен құралған ансамбльдік топтың «Өз елім» әнін орындалуымен және естелік суреттерге түсумен аяқталды.
Сондай-ақ, Алғыс күні қарсаңында, яғни екінші наурыз күні «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық бірлестігі Тараз қаласының жалпы білім беретін №9 орта мектебінде мерекелік кеш өткізді. Іс – шара «Алғыс күні», «Жастар жылы» және Қазақстанда тұрып жатқан «Ахыска» түрік халқының 75-жылдығына арналды.
Кеш барысында Интерактивті кабинетте ауызша толеранттылық сабақтар жүргізіліді, Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің дайындаған бейнеролик көрсетілді, концерттік бағдарлама ұсынылды және мектеп мұғалімдеріне алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Жиылған жұршылықты Жамбыл облысы әкімі аппаратының«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев Алғыс айту күнімен құттықтап, қазақ халқына рахметтерін айтты.
Кеш соңы, аспанға шар ұшырып, шақырылған қонақтарға бауырсақ таратумен және естелік суреттерге түсумен аяқталды.