Жамбыл облысында 2018 жылы бюджеттік қаражаттың игерілуі 100% — ды құрады. Мұндай көрсеткіш әлі болған жоқ. Басқа аймақтармен салыстырғанда, Жамбыл облысы қаражатты игеру бойынша бірінші бестікте орналасқан. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Басқарма басшысының айтуынша, 2018 жылы облыс бойынша бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы бойынша болжам 107,8% — ға орындалды. Меншікті кірістер болжамынан артық 4214,7 млн.теңге түсті. Болжамның орындалуы бойынша облыс республика деңгейінде бірінші үштікте.
Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда бюджетке кірістер түсімінің өсімі жалпы облыс бойынша 113,7% — ға қамтамасыз етілді немесе меншікті кірістер түсімі, 7,0 млрд.теңгеге артық орындалды. Түсімдердің өсімі бойынша облыс республика бойынша 7 орында.
Брифинг барысында Роза Әбдірқызы қаржы басқармасының 2018 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары және 2019 жылға перспективалық міндеттері туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді
— 2018 жылғы бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуын талдау оны орындаудың жоғары деңгейіне, оның ішінде макроэкономикалық көрсеткіштердің өсу қарқынына, ұйымдар жұмысының қаржылық көрсеткіштерінің өсуіне және олардың төлем қабілеттілігінің артуына ықпал еткенін көрсетеді. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына, сондай-ақ халықтың нақты ақшалай табысының, жалақының өсуіне әсер етеді, сол арқылы салық салынатын базаның өсуін арттырады.Осыған байланысты, тұрғындарда тұрғын үй объектілерін салу, көлік, пәтер сатып алу мүмкіндігі пайда болады. Коммуналдық меншікті тиімді басқару бойынша жұмыстары жақсаруда, оның ішінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша залалмен шыққан кәсіпорындардың саны 6 дейін қысқартылып, коммуналдық кәсіпорындардың жалпы санынан 7% құрады, олар бойынша залалдың сомасы 269 млн.теңге болды. Бұл ретте, 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштер едәуір жоғары болған, айта кетсем кәсіпорындар бойынша залал сомасы 1,3 млрд.теңге болса, залалмен шыққан кәсіпорындардың пайызы 20% құрады, — деді Ол.