Жамбылдық полицейлер зейнеткерге айыппұлынан құтылуға көмектесті

0 10

Жамбылдық полицейлер зейнеткерге айыппұлынан құтылуға көмектесті. Аталмыш көмек «Жолда қабылдау» акциясы аясында көрсетілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараз қаласының тұрғыны 73 жастағы зейнеткер алты жыл бұрын автокөлігін сенімхат бойынша сатқан, алайда, жол қозғалысы ережелерін бұзғанына қатысты көліктің салықтары мен айыппұлдары әлі күнге дейін қарияның атына келетіні белгілі болды. Өйткені көлік құралының жаңа иесі әлі күнге дейін оны қайта ресімдемеген. Қария автокөлікті сатып алушыны бірнеше мәрте өз бетінше табуға тырысқанымен, сәтсіз аяқталыпты.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері акция өткізіліп жатқан орында база арқылы автокөліктің тиесілілігін, ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұлдардың бар-жоғын тексеріп, көлік құралының жаңа иесі – облыс орталығының 29 жасар тұрғынын анықтады.

Аталған азаматты шұғыл түрде тапқан полицейлер онымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ол өзінің барлық айыппұлдарын, алты жыл ішінде төлемеген салықтарын төлеп, автокөлікті өз атына қайта рәсімдеді. Қарыздың ауыртпалығынан құтылған зейнеткер Жамбыл облысында енді ай сайын өткізілетін осындай акциялардың қажеттілігі мен маңыздылығын айтып, дән ризашылығын білдірді.

Бұған қоса, «Жолда қабылдау» акциясы жұмысының бірінші күні Тараз қаласының тұрғындарынан 200-ден астам өтініш келіп түсті. Халықты көбінде әкімшілік айыппұлдарды төлеу, жол белгілерін жаңарту, қосымша белгілерді орнату, көлікті тіркеу, кәмелетке толмағандармен жұмыс және ҚР азаматтығын алу, сондай-ақ кәмелетке толмаған азаматтардың құжат алу мәселелері толғандыратыны белгілі болды.

Айта кетейік, алдыңғы акция сәуір айының ортасында өткен болатын, ағымдағы акция 18 мамырға дейін жалғасады. Өңір бойынша 22 жерде өткізілген шараға қандай да бір себептермен келе алмаған жамбылдықтар әлеуметтік желілер арқылы қажетті ақпаратты ала алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.