Жамбылдық учаскелік инспекторларға қызметтік автокөліктер берілді

0 7

Жамбылдық учаскелік инспекторларға қызметтік автокөліктер берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін орталық «Достық» алаңында Жамбыл облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров пен Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев аудандық полиция бөлімдерінің учаскелік инспекторларына салтанатты түрде жаңа қызметтік автокөліктер тапсырды.

Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Меркі және Шу аудандарының учаскелік полиция инспекторлары су жаңа «Нива» және «Уаз» маркалы 131 бірлік арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілді. Ал қалған үш ауданға келесі жылдың 1-жартыжылдығында бөлінетін болады.

Салтанатты іс-шарада ең алғаш болып сөз алған Облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров: — Облыс әкімдігі ішкі істер органдарымен бірлесіп аймақта қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктiң сақталуын қамтамасыз етуді ұйымдастырып келеді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтауға бөлінетін қаржы көлемі де жылдан жылға ұлғаюда және ол өзінің оң нәтижесін беруде. Яғни, облыста былтырғы жылмен салыстырғанда 2019 жылдың 6 айында тіркелген қылмыстар саны – 9,2%-ға төмендеді. Біз бірінші кезекте, қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей жауапты, халықпен тығыз жұмыс жасайтын учаскелік полиция инспекторларын қызметтік көлікпен қамтуымыз қажет — дей келе, полицейлерге қиын да қауіпті қызметті атқару барысында сәттілік тіледі.

Келесі кезекте сөз сөйлеген Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев Облыс әкімдігіне Полиция департаментіне материалдық қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіре отырып: — Ішкі істер министрлігімен 2020 жыл – «Учаскелік полиция инспекторларының жылы» — деп жарияланды. Осыны ескеріп, Облыс әкімдігінің қолдауымен өңіріміздегі барлық учаскелік полиция инспекторлары автокөлікпен 100 пайызға қамтамасыз етілетін болады.

Учаскелік полиция инспекторларына көлік бөлу арқылы олардың шалғай жатқан аудандарға жиі барып тұруына, полицияға түскен шақыруларға дер кезіне жетуіне, отбасылық-тұрмыстық қылмыстарды және басқа да көптеген құқық бұзушылықтарды төмендетуге, сонымен қатар, қылмыстың өсуіне, соның ішінде мал ұрлығына жол бермеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді – деп атап өтті.

Келесі кезекте Н.Календеров пен А.Оразалиев учаскелік полицейлерге салтанатты түрде автокөліктердің кілтін табыстап, өз кезегінде инспекторлар аянбай қызмет етуге ант етті.

Іс-шара соңы полицейлердің жүргізуімен жаңа автокөліктердің салтанатты шеруімен аяқталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.