Өңірімізге іс-сапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өзінің төрағалығымен облыс әкімдігінде әлеуметтік-еңбек саласының көрсеткіштері бойынша жиын өткізді. Басқосуда облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Нұржан Календеров баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, -деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде облыс бойынша 124,7 мың зейнеткер, 45 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Сондай-ақ, 32,5 мың отбасы немесе 162 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алуда. Бұл бағытта биыл 21,2 миллиард теңге қаралса, оның 1,2 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарынан жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлесі 16,5 пайызды құрап отыр.
Сондай-ақ, облыстағы 2346 көпбалалы отбасы үй кезегінде тұр десек, осы жылдың аяғына дейін оның елу пайызын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Ол ғана емес, жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлініп, 12 жатақхана бой көтеруде. Бұл жатақханаларды осы санаттағы баспанаға мұқтаж 612 отбасы тұрғын үй кезегі жеткенше паналайтын болады.
Нұржан Календеров 1-шілдеге жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 16913 адам тартылғанын, оның 37 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 793,6 миллион теңге бөлініп, 7342 мүгедекті тиісті оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жоспарланғанын, бүгінде ол жоспардың 54,8 пайызы орындалып үлгерілгенін жеткізді.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын 12 орталық жұмыс атқаруда. Үкіметтік емес ұйымдар тарапынан әлеуметтік жоба арқылы жартылай стационар мен үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспары дайындалып, 6 ай ішінде 535 адамды жұмыспен қамтыдық. Бұл жылдық жоспардың 98 пайызын құрайды, Бердібек Сапарбаев өз сөзінде әлеуметтік-еңбек саласы әрқашанда Үкіметтің назарында екенін айтып, Мемлекет басшысы міндеттемелеріне тоқталып өтті. Министр саладағы бірқатар бағыттардағы сылбыр жұмыстарды сынға алып, жауаптыларды тыңдады.
Сондай-ақ, жиын қорытындысымен тиісті тұлғаларға халықтың әл-ауқатын арттыру, масылдықты болдырмау, әлеуметтік төлемдерді тағайындауда талдап және еңбек жағдайларының сақталуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.