Осы жұмадан бастап 42500enbek.kz порталы қайта жұмысын бастайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.
ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында министр шілде айына берілетін 42 500 теңге әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қандай порталдар жұмыс істейтіндігін айтып берді.
— Өткендегідей 42500enbek.kz порталы, электронды үкімет порталы жұмыс істейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғаларға телеграм-боттар да қызмет көрсетеді. Бұлардың барлығы жұма күннен бастап іске қосылады. Оған қосымша Каспи банк пен Халық банк те біздің портал секілді интернет-ресурсты іске қосып, халықтан өтініш қабылдауға ниет білдірді. Оны да іске асырсақ, сіздерге ол туралы бейсенбі күні жария етеміз, — деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, азаматтардың Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасуы, зейнетақы, жәрдемақылар алуы тексеріледі.
— Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар өткен жылы 42 500 теңге алу үшін барлығы бірыңғай жиынтық төлем төледі. Бұл жолы ондай БЖТ төлеудің қажеттілігі болмайды. Ондай талап қоймаймыз. Өткенде төледіңіз, сол жеткілікті болады. Ол мәліметтер бізде бар. Сондықтан бұл жолы өтініштеріңізді бересіздер. Бірыңғай жиынтық төлемді ай сайын төлеп жүргендерге сұрақ жоқ. Ал енді төтенше жағдай кезінде бір рет төлем жасағандарды біз өз тарапымыздан жүйелер арқылы тексеріп аламыз,- деді министр.