Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы қоғамның қызу талқысына түсті. Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдері де мақаланың маңызы зорын айтып, кеңінен насихаттау керектігін алға тартты. Мемлекет басшысы 30 жыл ішінде жеткен жетістіктеріміз, бағындырған белестерімізді атап өтті. Мақала «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» атты төрт бөлімнен тұрады. Таным мен тағылым атты бөлімде «бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс» — деді Қасым-Жомарт Kемелұлы. Сондай-ақ мемлекет басшысы қазақ тілін білмейтін қазақстандықтарға үндеу тастады. Тіл үйренуге машықтанып жүрген жастар ағылшын секілді басқа тілдерді аз уақыттың ішінде жетік меңгеріп алады. Сол секілді егер шын ынтасы болса ана тілімізді де дәл солай тез үйренуге болады дейді. Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін бәрінен биік қоя білуге шақырған шынайы ықылас.
Үш онжылдықта үлкен елге айналдық
Президентіміз еліміз егемендік алғалы үш онжылдықты өткергенін әрі тарихтың өткелді сын сағаттарынан өткендігін маңызды оқиғалармен байланыстыра отырып баяндайды. Мәселен, азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атайды. Бұл кезеңде Елбасының есіл еңбегінің арқасында елдік рәміздеріміз бой көтеріп, ел басқарудағы билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валюта. Қарулы Күштер. Ата заң. Шетелдермен дипломатия. Міне Қазақстанның қалыптасуында осы бағыттағы құрылымдар бекітілді. Халықаралық ұйымдар Қазақстанды тани түсті. Шекарамызды шегенделді. Астанамыз арқаға көшті. «Қазақстан – 2030» стратегиясы негізделіп, отандық бизнеске оң серпін берілді. Ядролық қарудан бас тарттық. Қазақ жастары Елбасы қолдауымен білім іздеп, шетелге шықты. Жат елдерде жүрген қазақ баласын қайтарған Ұлы көш басталды. «Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.» дейді Қ.Ж. Тоқаев.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі деді Президент. Бұл — экономикамыз еңсе тіктеген тұс. Бұл — шекарамыз заң жүзінде бекітілген кез. Мақалада «Мәдени мұра» бағдарламасы жоғалғанымызды табуға, жоғымызды түгендеуге жол ашқаны өте жақсы жазылған. Тартылған Аралдың акваториясын ұстап қалдық. Мемлекетіміз маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болды. Тұрғын-үй салу бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүрді.
Үшінші онжылдық дамыған елге айналдық. Жарқын жоба – «Қазақстан – 2050» стратегиясы. Озық отыз елдің бірі болу басты жоспарымыз болып бекітілді. Ел игілігі үшін байыпты бағдарламалар, саяси, экономикалық реформалар қабылданып, рухани жаңғыру жағына аса мән берілді. Мақалада Президентіміз бұл Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналған Елбасының еңбегі, оған деген еліміздің сенімінің арқасында екенін айрықша атап өтті. Төртінші онжылдықта қуатты Қазақстанды қалыптастырып, халқымыздың жаңа болмысын брендке айналдыру ісі тұр. Мақалада Мемлекет басшысы осыны жіті жазып, кемел көрсете білген.
Тарихты тану – оған әділ баға беру
Президентіміз тарихымызды танып, қастерлеу қағидаға айналу керектігін айтып өтті. Тәуелсіздік тағдырдың бере салған тәтті сыйы емес, айтса нанғысыз ауыр жолмен келгеніне тоқталған. Тарихты тану – оған әділ баға беруден басталатыны сөзсіз. Бұл ретте Президент ашаршылық құрбандары жайлы анық ақпарат айтылмай, зерттелмей жатқанын жазады. Ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек деді, мемлекет басшысы. «Шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын» деуі ұлт болып қалыптасуымыз бен төл тарихымыздың жаңғыруына жол ашпақ. Ендеше осы бағытта жарқын жобалар жүзеге асуы тиіс деп санаймыз. Қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге таныту – ұрпақ алдынға міндет. Президент Қазақ елінің қалыптасуы, мың сан қиындықтардан өтуі, тар жол, тайғақ кешуі – барлығын көрсететін тағылымды фильмдер түсіруді де назарға алуды жазды. Деректі және көркем фильмдер бұрын мен бүгінді байланыстыртын идеологиялық құрал екенін меңзейді. Алдыға қадам басу жолында артта қандай сүрлеулермен жүргенімізді жадымызда сақтауға, бағалауға әлбетте көркем фильмдер әсер ететіні белгілі. Мұндай тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Ардақты Президентіміз азаматтық болмысты қалыптастырып, туған елдің патриоты болуға үндейді. Мақалада айтылғандай ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болу керекпіз. «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деді Қ. Ж. Тоқаев. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Сондықтан сан ұлттың өкілін бауырына басқан Қазақстан бірліктің ұясы, ынтымақтың үлгісі екені даусыз. Өз тарихымызды жасау арқылы өзгенің баласын өзектен теппедік. Барлық бағытта байыпты ел ретінде танылдық. Егемендік алып, еңсе түзедік. Президент жадымызда жаңғыруы тиіс жақсы сөз айтты. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» Бұл ұрпаққа ұран болып, ұлы істерді атқаруда кемел күш беретін сөзсіз.