Димаштың дауысы Антарктидаға жетті

0 35

Әнші Димаш Құдайберген мен оның жанкүйерлеріне арналған La Era Dimash радиостанциясы Антарктидада хабар тарата бастады. Бұл туралы «Эсперанза» ғылыми-зерттеу станциясының қызметкерлері мәлім еткен, деп хабарлайды  «ZhambylNews» АА  dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

«Эсперанза» – шамамен Антарктика түбегінің қиыр солтүстігінде орналасқан аргентиналық зерттеу станциясы. Станциядан хабар тарататын LRA36 радиосының қызметкерлері La Era Dimash жүргізушілеріне сұхбат береді. Әңгіме барысында Клаудия Альбаррасин, Мария Евгения Родригес, Ромина Забалза және Мариэла Чуркина алыс және суық континенттегі өздерінің қиын, бірақ өте қызықты жұмыстары туралы айтады. Сондай-ақ, La Era Dimash Антарктидаға жеткенін және қыздар қазақстандық әртістің әндерін тыңдауға мүмкіндік алғанын растайды.

«Димаштың дауысын алғаш естігенде, біз шынымен таң қалдық. Оның әдемі әндері бар, өте зор талант!» — деп ой бөліседі.

La Era Dimash радиосы негізін қалаушылардың ойы да осы болған. Олар Аргентинада өз радиосын іске қосқан кезде қазақстандық әртістің дауысы жер шарының әр түкпірінде естілуін қалады.

«Радиостанция алғаш рет эфирге шыққанда біз өзімізді өте бақытты сезіндік. Күн сайын La Era Dimash радиосын тыңдайтын елдердің тізімі көбейіп келеді. Олардың арасында біз бұрын естімеген елдер де бар. Міне, арада екі жыл өткенде біздің радио 96 елде хабар таратады», — дейді радиостанцияның басшысы Паола Профета.

Leave A Reply

Your email address will not be published.