АҚШ президенті сайлауға қолдау білдірген Америкада тұратын жүз мыңдаған мұсылман өкілдеріне алғыс білдірді, деп жазды Анадолы сайты.
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық мұсылман қауымының өкілдері мен бірнеше мұсылман елдерінің дипломаттары үшін ауызашар ұйымдастырды. Бұл Трамптың екінші президенттік мерзіміндегі алғашқы шарасы.
Мемлекет басшысы шарадағы сөзін «Рамазан айы құтты болсын» деп бастады. Америка басшысы 2024 жылы қарашада өткен президенттік сайлауда АҚШ-тағы мұсылмандардан алған қолдауға өте риза екенін атап өтті.
Трамп сонымен қатар шараға Сауд Арабиясы, Мысыр, БАӘ, Катар, Ливан, Пәкістан және басқа елдердің өкілдері қатысып жатқанын айтты.
— Мен 2024 жылғы президенттік сайлауда рекордтық қолдау көрсеткен жүздеген мың мұсылман американдықтарға ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл керемет болды, — деді АҚШ президенті.
Трамп Ақ үй әкімшілігінің мұсылман қауымына берген уәдесін орындайтынына сендірді.
— Біз Ыбырайымның тарихи келісімдеріне негізделген Таяу Шығыста ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату үшін үздіксіз дипломатиялық жұмыспен айналысамыз, — деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Мичиганда тұратын мұсылмандарға ерекше алғысын білдірді.
— Мен қаншалықты президент болып қала бергенімше, сіздермен бірге боламын. Мен сіздерді қолдаймын. Осыны білгендеріңізді, — деді президент.
АҚШ көшбасшысы бұдан да жарқын әрі үмітті болашаққа қол жеткізу үшін мұсылмандармен жұмыс істеуді асыға күтетінін айтты.
Бұған дейін хабарланғандай, Трамп көлік импортына 25% баж салығын енгізді.