Жығылғанға жәрдем, сүрінгенге сүйеу болу – ұлттың қанына сіңген асыл қасиет. Мұны бүгінгі жұрт кең қолданыста филантропия деп атайтын шығар, алайда ескі қазақтың есінде қайырымдылық деген түсінікпен сақтаулы. Оның жалпыхалықтық та, тұлғалық та сипаты бар. Наурызнаманың бір тармағы – бүгінгі Қайырымдылық күні аясында осы ұғымның мән-маңызына дендеп енейік.
Қайырымдылық пәлсапасы: жылу жинау һәм асар дәстүрлері
Қазақ философиясында қайырымдылық басты орын алады. Күнделікті өмірде жиі айтылатын «Кең болсаң, кем болмайсың» деген даналық сөз жомарттықты ғана емес, мейірімділік пен өзара көмекке негізделген адамгершілік қағидатты білдіреді. Философтардың пайымдауынша, қазақ дүниетанымында этикоцентризм басым, қайырымдылық адамгершіліктің басты өлшемі ретінде саналады.
Тарихи тәжірибе де қайырымдылықтың қоғам өмірінде маңызды рөл атқарғанын дәлелдейді. Жетім-жесірге көмек, табиғи апат немесе соғыс кезіндегі қайтарымсыз қолдау – халқымыздың дәстүрінде тұрақты құбылыс болған. Сонымен қатар қауым болып бірігіп, мұқтаждарға қол ұшын созу дәстүрі болмысымызға жақын. Бұл – қазіргі тілмен айтқанда, «корпоративтік рух», яғни әлеуметтік жауапкершіліктің ертедегі көрінісі.
Асар дәстүрін алайық. Ауыл-аймақта бүгінге дейін қолданылатын дәстүрдің мән-мағынасы ізгілікке толы. Қазақ қоғамында бір отбасының қолынан келмейтін күрделі жұмысты ауылдағы ағайын бірлесіп атқаруын асар дейді (батыс өңірде «үме» деген балама атауы бар). Асарға шақырылғандар еңбегі үшін ақы алмайды, бар болғаны көмекке мұқтаж адам жәрдемдесуге келгендерге жақсы ас әзірлесе болғаны.
Жақсысы, Асар тек қол еңбегін қажет ететін жәрдем емес. Онда көпшіліктің басқосуы, қыз-бозбаланың жиыны қатар жүреді. Көпті сергіту үшін ән де айтылады, әзіл де жарасады. Содан болар, ел «Үмеге келген үндемей қалмайды» деп мақалдатады.
Қайырымдылық қазақ дәстүрінде тек материалдық қолдаумен шектелмей, рухани тәрбиеге айналғанын да айту керек. Асар, үме, енші, сыбаға сияқты дәстүрлер қоғамдағы өзара көмек пен теңдікті қамтамасыз ететін нақты механизм болған. Мысалы, аңшы мол олжаға кенеліп, жолшыға үлес қалдыру немесе қонақты үйінде тоқтатып, тамақтандыру – тек материалдық әрекет емес, рухани мәнге ие іс.
Жазушы-этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, қазақ қоғамындағы асар дәстүрі халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бірден-бір себеп болған көрінеді.
– Қайырымдылық – бұрынғы дәстүрдің бүгінге сабақтасқан жақсы жемісі. Кезінде жалпы халықтың емес, бір адамның үйі құлап қалса да соған ауылдың ақсақалдары болып, ауылдың байлары болып, сол кездегі белсенді азаматтар болып, қолдап көмектесетін. Сондықтан қоғамда қайыршының болмауы, жетімнің қаңғып, жесірдің жыламауы осы ұлы дәстүрдің, тамаша дәстүріміздің жемісі деп қарауымызға болады, – деген еді этнограф бір сұхбатында.
Жұрт болып жұмылу тек науқандық жұмыс кезімен шектелмейді. Сауабы мол істің бірі – «Жылу жинау» дәстүрі. Бүгінге дейін жалғасқан жайды тарқатсақ, бұл шаңырағы шайқалып, қолындағы дүниесінен, қорасындағы малынан көз жазып қалған жұрттың жағдайын жасап беру. Ел азаматтары күндіз-түні дамыл таппай көмек қолын созып, қолындағы барымен бөліседі.
Тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсемет жылу жинауға қарапайым халық ғана емес, ел алдындағы тұлғалар да үлес қосты деген пікірді айтады.
– Ел жылу жинап, көмектесетін. Жылу жинау кезінде, мысалы, 20-30 жылдары аштық болды. Сол кезде Алашорда қайраткерлері Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауыт халықтан жылу жинап, халыққа таратқан, көмек жасаған. Асарлатып, талай үйлер салынды, біраз ақша жиналды. Талай қайырымдылық шаралары өтті. Сол ертеден келе жатқан нәрсе біздің ел болып, қазақ болып, ұлт болып қалыстауымызға қатты көмектесті, – деп түсіндірді ғалым.
Бұған қоса қазақта қызыл көтеру ұғымы барын ұмытпауымыз керек. Қазақ дәстүрінде кедейлеу адамның күн көріп отырған сиыры не биесі өлсе, онда оған көрсетілетін көмекті «қызыл көтеру» дейді. Ол уақытта кедейдің жақын ағайындарынан 12 адам өлген малдың орнын толтырады. Мәселен, соғымға сойғалы отырған малы өлсе, жақын ағайындары 12 жілік береді. Ал көшіп-қонып жүргенде жалғыз малынан айырылса, жақындары орнын толтырады.
Қазақта «ағайының бай болса, шайнағаның май болар» деген сөздің төркінін дүйім Алашқа сездірген ауқатты азаматтар аз болмады. Әріге бармай, өткен ғасырдың өзінде ақын-ғалымға жанашыр, құндылыққа қамқор болған байлар жеткілікті. Әсіресе Алаш қозғалысын қаржыландыруда қолындағысын аямаған қалталы қазақтар туралы дерек көп.
Санамалай айтсақ, Алашорда үкіметінің экономикалық әлеуетін арттырған ауқаттылар қатарында Иса Көпжасаров, Әлниязов Тобанияз, Қаражан Үкібаев, Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Хасен Ақаев, Ыбырай Ақпаев, ағайынды Бекметевтер, жетісулық Маман байдың балалары мен Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров елге таныс.
Мәселен, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. 1908 жылы Әлихан Бөкейханов Семейде сегіз ай абақтыда отырғанда тобықты Оразбай баласы Медеу күнде абақтыға саба қымыз тасыған екен.
Ал қазақ даласындағы меценаттық үлгіні Мұхамедхан Сейітқұлов пен Қаражан Үкібаев Міржақып Дулатұлының абақтыдан босауына бастамашы болды. Айтпақшы, Қаражан Үкібаевтің сөз ұстаған қауымға берген жәрдемі мол. Ол М.Әуезовке «Абай» журналын шығаруға қаржы бөлгендердің бірі.
Һакім Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы қазақ даласындағы алғашқы меценаттардың бірі ретінде белгілі. Ол 1849 жылы өз қаржысына Қарқаралы қаласында алғашқы мешіт салдырған. 1874–1875 жылдары қажылық сапарына барған кезінде өзге де дәулетті қазақтармен бірігіп, Меккеде қажылар тоқтайтын Тәкие қонақүйінің салынуына үлес қосты.
Қазақ даласындағы алғашқы қайырымдылық қорын құрған қазақ байлары – Қалиасқар мен Сыздық Қалпеұлдары, Нұркен Забирұлы және Баймұхамет Қосшығұловты атамай кетуге болмас. Олар 1898 жылы бастауыш білімді дамытуға бағытталған қайырымдылық қоғамын құрып, халыққа арналған кітапхана ашып, қазақ-мұсылман мектебін салдырды. Мұғалімдердің еңбекақысын төлеуді және оқушыларға шәкіртақы беруді де өз мойнына алды.
Жалпы ел арасындағы қазақ байлары туралы теріс пікір кеңес кезеңінен қалған идеологияның жұрнағы десек болатындай. Әрине, ара-тұра қамшысы қарапайым халыққа тиген ашкөз, озбыр шонжарлардың болғанын жоққа шығармаймыз. Алайда ұлы даладағы дала заңының байға да қоятын талабы бар-тын: «бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін».
Филология ғылымдарының докторы, сыншы, ғалым Дандай Ысқақтың айтуынша, бір әулет бір ауылды асыраған оқиғалар көп болған.
– Байлардың күнде қазан-қазан қылып асқан тамағынан барлық ауыл адамдары ішетін дейді менің шешем. Одан өзге руластарының қалыңмалын төлеп, қыз әперіп, жер дауы мен жесір дауын да шешіп отырған. Туындаған дауды уақытында шеше алмау байларға үлкен сын болған. Ал байдың малын баққан кедей еңбекақысын алып, қыстық соғымы мен жаздық ас-қатығын айырып отырған. Ал кеңес өкіметі сол қалыптасқан тепе-теңдікті бұзды. Аяғында халық ашаршылыққа ұшырап, тамақ іздеп, қаңғырып кетті, – дейді.
Бұрынғы қазақ байлықты малмен емес, ақыл-білім, елге сіңірген еңбекпен өлшеген. Сондықтан қалталының әрбірі қадір-халі жеткенше көпге көмек беруді мақсат тұтты. Бірі атақ үшін, бірі шын ниетпен, әйтеуір қатардан қалғаны аз болмаған.
Ескіден жеткен тарихи жад жаңа заманда жаңаша сипат алды. Қазір де қазақ қолда барын қол үшін беруге жұмсауға бейіл. Charities Aid Foundation ұйымының дерегінше, Қазақстан қайырымдылыққа табысының көп бөлігін жұмсайтын елдер арасында 30-орында тұр. Зерттеу нәтижесінде ел азаматтары қайырымдылық беретін ақшаны үш бағытта береді:
38%-ы – тікелей мұқтаж адамдарға
36%-ы – қайырымдылық қорларына
25%-ы діни мекемелерге қаржы аударады екен.
Ресми дерекке сенсек, Қазақстанда тіркелген қайырымдылық ұйымдарының саны 1372-ге жеткен. Бұл қатарда қорлар, қоғамдық бірлестіктер, заңды тұлғалар бірлестіктері бар.
Бұдан бөлек үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) белсенді жұмыс істейді. Соңғы бес жылда 23 мыңнан астам ҮЕҰ 10 мыңнан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырыпты. Көбі еріктілік, қайырымдылық және сарапшылық қолдау бағыттарында қызмет еткен. Бұл ұйымдардың басым дені су тасқыны, орман өрті кезінде халықты ұйыстырып, бірлік символына айнала білгенін ұмытпадық.
Өткен ғасырлардағы қазақ байларының қадірлі жолын жалғаған меценаттардың да қатары көп. Туған ауылын көркейтіп, айналасына жәрдемін тигізген жанашыр жандардың есімі мәлім. Жыл сайын «Жомарт жүрек», «Парыз» сыйлықтарына жүздеген қайырымды азаматтар ұсынылып, ел қолдауына ие болғандар марапат төрінен көрініп келеді. Оған қоса «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің және «Ерен еңбегі үшін» медалі иегерлері қатарында қайырымдылығымен көзге түскендер басым.
Қорыта айтсақ, бабадан жеткен қайырымдылық ұғымының мағынасы өзгергенімен, мән-маңызы сол қалпы сақталды. Бүгінгі буын мұқтажға жәрдемдесу, құндылықтарды қорғау, табиғатты аялауды ортақ түсінікке сыйғызып келеді.