Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадта ұлы Абайға ескерткіш орнату ұсынысын жасады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің жазуынша, Түрікмен елінің басшысы мұндай ұсынысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында жасады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында осы елдің көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадта қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын ұлықтауға ұсыныс жасады.
Түрікменстан Президентінің пікірінше, Абайдың мүсіні екі халықтың жоғары адамгершілікке негізделген рухани бағдарын, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықтың шынайы көрінісін айғақтайды», — деп жазады Б.Уәли.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы толық қолдап, ризашылығын білдірген.
«Абайдың қасиетті түрікмен жерінде ұлықталуы – барша қазақ халқы үшін ақжолтай жаңалық», – деді Қазақстан Президенті.
Еске салайық, 24-25 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің шақыруы бойынша мемлекеттік сапармен Ашхабадқа барды. Шағын құрамдағы келіссөзден кейін, кеңейтілген форматта екіжақты келіссөздер өтті. Кейін қос мемлекеттің басшылары БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Қ.Тоқаевтың Ашхабадқа сапары бойынша видеошолу жарияланды.