ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев елде бензин бағасының көтерілуіне ешқанда негіз жоқтығын мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бензинге келетін болсақ, кеше бензиннің қымбаттағаны туралы ақпарат тарады. Мен соңғы үш жылдағы статистиканы зерттедім. Соңғы үш жылда, яғни, 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 163-тен 177-178 теңгеге дейін өскен. Үш жыл ішінде 15 теңгеге қымбаттаған деген сөз. Бұл, әрине, шамалы ғана өсу. Дегенмен кешегі мәлімет бізді алаңдатты. Себебі біз қазір бензин бағасының өсуіне негіз жоқ деп есептеміз. Себебі бензин қажетті мөлшерде өндіріліп, жөнелтіліп жатыр. Бензинге қатысты жағдай, әрине, бүгінде өте тұрақты», — деді Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Мағзұм Мырзағалиев.
Сондай-ақ министр авиакеросин тапшылығы туралы сұраққа жауап берді.
«Елімізде авиакеросин көлемі бойынша жағдай айтарлықтай тұрақты. Бізде оның қоры 37 мың тоннадан асады. Ай сайын 50 мың тонна тұтынсақ, шамамен 46 мың тонна авиакеросин шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан қамтамасыз етуге байланысты ешқандай мәселе туындамауға тиіс», — деді министр.
Оның айтуына қарағанда, елдің жанармай нарығындағы жағдай тұрақтана бастаған.
«Отын дағдарысы жаз айларында басталды. Мұнай базаларында дизельдің қоры өте күрт кеми бастаған болатын. Бірінші қадам Ресей Энергетика министрлігінің кездесуін ұйымдастыру болды ( … ) Ресей энергетика министрі оған үн қатып, бір жарым айдың ішінде біз дизель отыны бойынша жағдайды тұрақтандыра алдық», — деп еске алды ведомство басшысы.
Мағзұм Мырзағалиев елге сырттан шамамен 190-200 мың тонна дизель әкелінгенін атады.
«Бұл — жағдайды тұрақтандыру үшін жеткілікті көлем. Әрине, баға мәселесі өте өзекті. Өйткені, біз мұнай бағасының өскенін байқап отырмыз. Тиісінше, Ресей зауыттарында жанар-жағармай бағасы айтарлықтай көтеріліп, біз қымбат дизель импорттауға мәжбүр болдық. Ең бастысы, жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік алдық», — деді Энергетика министрі.