Қызыл кітапқа енген өсімдікті шекара асырмақ болған азамат ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қордай ауданының «Қарасу» көлік өткізу бекетінде Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты 2038 әскери бөлімінің қызметшілерімен бірлесіп, «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізген болатын. Іс-шара барысында заңсыз кесілген және пайдалануға тыйым салынған сексеуілді тасымалдаған адамды анықтап, ұстады.
Ол 33 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындаған. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай айғақ болып табылатын 20 тонна сексеуіл тәркіленді.
Еліміздің мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерін отаудың барлық түрлеріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған.