1- сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстандық азаматтарға қатысты визалық талаптарды өзара жою туралы келісім қайта қалпына келтіріледі. Бұл туралы СІМ хабарлады. Бұған дейін өзара келісімді Оңтүстік Корея тарапы пандемияға байланысты тоқтатқан еді. Осылайша, Қазақстан азаматтары – ұлттық паспорттардың иелері — Корея Республикасына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз қайта кіре алады.
Корея Республикасында еңбек етуге, білім алуға немесе Оңтүстік Корея аумағында тұруға ниет болған жағдайда тиісті визаны алу қажет.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта шетелдік азаматтардың Корея Республикасына кіруін авторизациялаудың «К-ЕТА» электрондық жүйесі жұмыс істейтінін ескеру қажет. Оған сәйкес елге визасыз режим негізінде келетін шетелдіктерге ұшуға дейін кемінде 24 сағат бұрын www.k-eta.go.kr сайты арқылы жоспарланған сапар туралы электрондық хабарлама түрінде өтініш беру және содан кейін Оңтүстік Корея билігінің елге кіруге рұқсатын алу талап етіледі. Мұндай рұқсат болмаған жағдайда сізді ұшақ бортына отырғызудан бас тартуы мүмкін.