Алматы зообағында Гималай аюының тұңғыш төлі өмірге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қонжықтың Яшин мен Уссури есімді ата-анасы өткен жылдың мамыр айында Ресейден Алматы зообағына әкелінген.
Зообақтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл — аюлар жұбындағы тұңғыш төл. «Біз бұған ерекше қуаныштымыз. Кішкентай қонжық 18 қаңтарда туған. Бес айдай ол анасымен арнайы бөлмеде тұрды. Осы кезеңде біз анасы мен қонжықты мазаламадық. Уссури өз қонжығына ерекеше мейірім көрсетіп, өсіріп келеді. Қонжық өсіп, жетіліп, күш-қуат жинаған соң ғана олар үлкен қоршауға ауыстырылды. Келушілер қонжықты сол жерден көре алады», — деді зообақ қызметкерлері.
Зообақтың баспасөз қызметі қонжыққа енді жақсы есім қою үшін әлеуметтік желіде оқырмандардан жақсы нұсқаларды жазып, ұсыныс-пікірлер қалдыруды сұрады. «Жақсы қойылған атты жыртқыштар бөлімінің аюларға қарайтын мамандары таңдап алады. Нәтижесін бірер күннен соң сторисімізде жариялаймыз», — деп хабарлады зообақтың баспасөз қызметі.
Еске салайық, осыған дейін Алматы зообағында кенгуру дүниеге келді және Алматы зообағындағы жануарлар жазғы вольерге көшірілді. Сондай-ақ, Алматы зообағында екі келеңсіз жағдай орын алған еді. Атап айтқанда, зообақтан маймылдың қашып кетпек болды және екі жігіт Алматы зообағындағы жолбарысты ызаландырған болатын.