Алдаға уақытта аудан әкімін халық сайлауы мүмкін. Бұл туралы Сарысуға ісспармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы мәдениет және әдебиет саласының қызметкерлерімен кездесу барысында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Аудандық кітапхананың Coworking орталығында өткен кездесуде танымал саясаттанушы конститутциялық реформаның тұжырымдамалық негіздері мен ерекшеліктерін атап, оның негізгі 5 бағытына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып президенттік республика моделіне өту, биліктің бірқатар өкілеттілігін қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесінің өзгеру және халықтың ел басқару ісіне араласуын күшейту туралы ашық пікірімен бөлісті. Халық қалаулысының айтуынша, алдағы уақытта ауыл әкімдерімен қатар, аудан басшыларын да халық сайлайтын болады.
Сондай-ақ, кездесу барысында мемлекет және қоғам қайреткері қазақ тілі мәртебесін көтеру туралы ұтымды ұсыныстарымен бөлісіп, сала мамандарының бірқатар сауалдарына жауап берді.
Жиын соңында игі істің басынан табылған танымал жазушы және өлкетанушы Пернебай Дүйсенбин құтты қонаққа «Сарысунама» тарихи деректік шығармалар жинағын сыйға тартты.