Жеңілдетілген автонесиеге бөлінген қаржы бір айға жетпей бітті ме?
Бұл туралы Stan.kz сайты жариялады. Қазақстанда көлік алуға 4 пайызбен жеңілдетілген несие беру мамыр айының 16- басталған еді. Бағдарлама басталысымен-ақ халық өз қалаларында орналасқан авто орталықтарға барып, ұзын-сонар кезекке тұрған. Одан бері жарты ай өтсе де жаңа көлік мінгендерден, кезек күтіп жүргендер көп секілді. Ал, өнеркәсіпті дамыту қоры автонесиеге бөлінген 70 млрд теңгенің 65 млрд теңгесі игеріліп қойғанын айтады. Өнеркәсіпті дамыту қорының соңғы мәліметтеріне сәйкес, бағдарлама іске қосылғалы бері екінші деңгейлі банктерге 21 897 өтініш келіп түскен.
«Оның ішінде 65,1 млрд теңге сомасында 8 795 өтініш қанағаттандырылды», — делінген қордың 31 мамыр күнгі таратқан дерегінде.
Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін 974 көлік өз иесін тапты деген ақпарат берілген. Көліктердің ең көбі Алматы қаласында сатылған. Одан кейін, Нұр-Сұлтан (111 көлік) мен Шымкент (108 көлік) қаласының тұрғындары көптен күткен көліктерін алған. Алайда, Stan.kz тілшісімен тілдескен көлік алуға алғашқылардың бірі болып кезекке тұрған Алматы қаласының тұрғыны Диас Нұрақын өзінің әлі күнге дейін өз кезегін күтіп келе жатқанын айтып, 65 млрд теңгеге көлікті кімдер алып жатқанына таң қалған. Кейіпкердің айтуынша, Алматы қаласындағы Kia Doscar Almaty мен Hyundai Kazakhstan салондары әлі бір де бір көлік сатпапты. «Дайын көлік жоқ, қашан келетіні де белгісіз дейді менеджерлер. Сонда 65 млрд теңгеге кім көлік алып жатыр? Әлде машинаның өзі жоқ тек ВИН кодпен зауыттан әлі шықпаған машиналар рәсімделіп жатыр ма?
Кезекке бірінші болып тұрсам да, әлі күтіп келе жатырмын»,- дейді ол.
» Бірінші күні барғанның өзінде кезекке 416 болып тіркелдім. Сол кездің өзінде менеджерлер бізге көліктердің жоқ екенін, 2-3 ай тіпті одан көп уақыт күтіп қалатынымызды айтты. Сөздерінше, осы уақыттың ішінде зауыттан 30-40 көлік шығарылады, ол бүкіл Қазақстанға 2-3 данадан ғана бөлінеді екен. Мүлдем көлік жоқ уақытта 974 адам 65 млрд теңгеге қандай көлік алып жүр? Сонда автонесие ұйымдастырушыларының айтқаны тағы да өтірік пе?! Күн сайын автоорталыққа хабарласып, кезегімнің жылжыған орнын білемін. 2 аптадан кейін кезегім 416 орыннан 336-ға жылжыпты. Бірақ ол халық көлік алған соң жылжып жатқан жоқ, көбісі кезектен шығып кетіп жатыр», — деп пікір білдірген Алматы қаласының тұрғыны.