Сенатор Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа төмендетуді ұсынып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Ол дәл осы мәселе бойынша келіп түскен көптеген өтініштерді елеусіз қалдыруға болмайтынын, зейнет жасын төмендетуге басқа да себептер бар екендігін айтты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз дегеніміз рас болса, ендігі жерде бұл мәселені жылы жауып, қарап отырғанымыз дұрыс болмайды. Әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы — жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді. Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз. Әйелдердің зейнетке шығу жастарын өзгерту туралы өтініштерін ысырып қоюға менің арым шыдамайды. Сол өтініштерге сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасын «58» деп бекітіп, ал егер әйел әрі қарай жұмыс істемін десе, өз құқы, өз еркі деп қарастыруыңызды сұраймын,- деді Дана Нұржігіт.