Қазақстанда өлім-жітім 5 пайызға азайды

0 4

2022 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша елімізде өлім-жітім деңгейі төмендеген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы халықтың жалпы денсаулық жағдайымен тікелей байланысты. Сондықтан да бүгінгі жиында айтылатын ұсыныс, пікір, идея мен өтініштер аталған саланы жетілдіре түсуге септігін тигізеді. Пандемияға байланысты халық денсаулығының нашарлағанын білесіздер. Коронавирустың салдарынан елімізде өлім-жітімнің көбейгенін де хабардарсыздар», — деді Ажар Ғиният елордада өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында. Министрдің айтуынша, халықтың денсаулық жағдайына ай сайын сараптама жасалады.

«Биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша адам өлімі азайды. Өткен жылға қарағанда өлім-жітім 5 пайызға төмендеген. Бүгінде эпидемиологиялық жағдай жақсарды. Еліміз пандемиядан кейін аяқтан қайта тұрып келеді. Осы орайда халық денсаулығы көрсеткіші де жақсарып келеді», — дейді ол.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында елімізде енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қызметіне арналған дөңгелек үстел өтіп жатыр.

Аталған шараға сала мамандары мен жауапты тұлғалар қатысып МӘМС-ке қатысты түйткілді мәселелерді ортаға салуда.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.