28-30 шілде аралығына арналған ауа райы болжамы жарияланды. Қазгидромет мәліметінше, Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі метеорологиялық жағдай нашарлай бастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұның себебі — республиканың аумағын ыстық оңтүстік пен салқын солтүстікке бөлген атмосфералық фронттар. Біртіндеп жылжыған фронтттар елдің солтүстік жартысында, содан кейін шығысында, оңтүстік-шығысында найзағайға, желдің күшеюіне, кей жерлерде бұршақтың жаууына әкелуі мүмкін.
Мұның бәрі солтүстікте күндізгі ауа температурасының төмендеуіне және елдің оңтүстік жартысында ыстықтың бәсеңдеуіне ықпал етеді.
Күндізгі уақытта Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде ауа температурасы күндіз +20 +30°С-тан +15 +25°С-қа дейін, елдің орталығында +25 +33 °С-тан +18 +27°С-қа дейін, шығыс облыстарда аптап ыстық +25 +35°С-тан +19+29°С -қа дейін төмендейді. Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында ауа температурасы +30 +39°С-тан +25 +36°С-қа дейін сақталады.