Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өңірлерді аралауды жалғастыруда. Ол Ақтөбе облысы тұрғындарымен кездесіп, өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің бүгінгі кездесуіміз «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың маңызды дәлелі. Біз жайлы және әділ мемлекет құруға бағытталған ашық диалог орнатып жатырмыз», – деді халықпен кездесу барысында министр Дәурен Абаев.
Ол министрлік атқарып жатқан негізгі жұмыстарға тоқталды.
«Жаңа академиялық жыл қарсаңында мәдениет және өнер саласындағы болашақ мамандарды дайындайтын оқытушыларымыздың еңбекақысы бірден 75 пайызға көтерілді. Осыдан бір ай бұрын еліміздегі «Ұлттық» статусына ие мәдениет саласындағы ұйым қызметкерлерінің де еңбекақысы 75% пайызға өскен болатын. Ендігі кезекте архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын да барынша көтеруді жоспарлап отырмыз», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Сондай-ақ, мемлекеттік білім беру ұйымдары мұғалімдерінің балаларды сабақтан тыс спорттық даярлықтан өткізгені үшін базалық лауазымдық еңбекақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы төлеу жүйесі енгізілді. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің еңбекақысы да 25% — ға өсті. Министр бұл ауқымды жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бұдан әрі Дәурен Абаев мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық жетістіктерін қолдауға бағытталған UMAI сыйлығы туралы хабарлады. Ұлттық сыйлықтың жалпы жүлде қоры 54 млн теңгені құрайды. Сыйлық: театр өнері, музыка өнері, хореография өнері, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер сынды 4 бағыт бойынша беріледі және 19 аталымды қамтиды. Әр номинацияның жеңімпазы 2 млн теңге және «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» және «Үздік балет спектаклі» номинацияларының жеңімпаздары 10 млн теңге алады.
Министр жақын арада министрлік тарапынан бұл туралы толық ақпарат ұсынылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, министр биыл мемлекет конкурстан өткен 62 киножобаға қаржылай қолдау көрсететінін айтты. Осы ретте ол Ақтөбе облысының аниматорларын анимациялық фильмдер мен кинокартиналар жасауға белсенді қатысуға шақырды.
Дәурен Абаев Ақтөбе облысындағы туризм саласының әлеуеті жоғары екеніне арнайы тоқталды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының туристік саласына инвестиция көлемі шамамен 17 млрд теңгені құраған. 2022-2025 жылдар аралығында облыста 221 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Тартылған инвестициялар көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды деп жоспарлануда.
«Сұрақ-жауап» сессиясы аясында министр қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Халықпен кездесуден кейін Дәурен Абаев БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, азаматтарды қабылдады.