Деңгене

0 256

– Ассалаумағалейкүм, отағасы! – Еренбайдың үйіне тосыннан барған Ерден мен Қамшыбай жастарға тән жарқылдай сәлемдесті.
– Уағалайкүмассалам, сәлемші бала! – Екі жігітпен кезек-кезек шүйір­келесе амандасып жатқан Еренбайдың жас кезінде баяғының атан жілік, арқар мүйіз батырларындай айбарлы жігіт болғаны білініп тұр. Жастардың қолын құшырлана қысты.
Екі жігіт бері шыға бере отағасының қосағы Мағрипамен де жамырай амандасты: «Сәлем бердік, жеңеше!».
– Көп жасаңдар! Жоғары шы­ғыңдар!
– Ауыл-ел аманшылық па, жігіттер? Ақай жоқ, ноқай жоқ, ерте жарықтан жортып жүргендеріңе жол болсын?! – деді Еренбай төрдегі көрпені қабаттап салып жатқан әйеліне шалынып қала жаздап.
– Әлей болсын, Ереке, бір жағы сіздерге сәлем беріп шығайық деп, бір жағы үйлеріңізден деңгене жеп, аузымызды майлағалы келдік, – деді төтесінен тартқан Ерден.
– Дәл солай, Ереке, көлденең шөптің басын сындырмай, ерігіп жүр­ген жігіттер ет жемегенде не істейді?! – Қамшыбай да досын қостай жөнелді.
– Жөн, жөн. Деңгенені білетін жігіттер әлі де бар екен-ау! Құдайға сансыз шүкір, жер жастанып, су сүйе­ніп отырған жоқпыз. Сендерден аяғанды ит жесін. Жас кезімізде біз де талай деңгене жегенбіз. Бұл өзі – қазақтың ғажап дәстүрінің бірі, – Сөзінің басын салиқалы бастаған Еренбай ақыр аяғында келген жігіт­терді қалжыңымен қағытып өтті. – Бәй­біше, мен барып қойдың ішіндегі марқа­сын жыға берейін. Сен жігіттерге арнап шайыңды дайында. Балаларды бүгін бізге Құдай айдап келген шығар. Көрейін бұлардың әуселесін!
– Қораңа барып, шаруаңды реттей бер, шалым. Қойдың еті пісем ­дегенше қайындарымды шаймен алдай тұрамын. – Мағрипа да екі арада бәйек болды да қалды.
– Алдай тұрғаның не, бәйбіше?! Бұларға өзіңнің ақ құйрық көңіл ашар шайыңды дұрыстап берсең бар-ау, сол кезде-ақ шамалары белгілі болып қалады. Содан кейін екеуі қойдың етін тұтас жеп тауысса, мына қолақпандай мұрнымды кесіп беруге дайынмын, – деген Еренбай орнынан шалт тұрды. – Жарайды, інілерім, жеңгелеріңмен әзілдесіп, әңгіме-дүкен құрып отыра беріңдер, мен барып жандығымды жәукемдеп қайтайын.
– Дастарқанға қараңдар, – деді шалына есік ашып, шығарып салған Мағрипа қайын інілеріне қонақ­жайлылық танытып.
– Ой, жеңеше, әңгіменің көкесі кеше болды. Мәмбетәлі атамызға әдейі сәлем бере бұрылғанбыз. С­одан әңгімеден әңгіме шығып, атамыз «Е, балаларым, деңгене жейтін жасқа келіп, дәу жігіт болыпсыңдар» деп қалды бір сөзінде. Қамшыбай екеуміз аң-таңбыз, – Ерден уақыт өтсін дегендей ұзақ әңгіменің ұшын шығарды.
– Шынында да деңгенені кім білген?! Мен де бірінші рет естідім. Сәлден соң қара шал ашуланды: «Сендер, деңгенені білмей жүріп, нелеріңе жетісіп кеуделеріңді соғасыңдар?!». Содан бетімізбен жер басып отырсақ та оның не екенін түсіндіруді өтіндік. Арасында өзінің жас кезіндегі деңгенеге қатысты қызықтарын әңгімелеп берді, – деп Қамшыбай да сөзге араласты.
– Е-е-е, атамның айтуымен келіп отырмыз деңдер. Мен де ойлап қоямын, бұл балалар жөн-жосықты қайдан біліп жүр деп?! – деді кесеге шай құйып жатқан Мағрипа таңда­нысын жасыра алмай.
­Тауыса алсаңдар, жарадыңдар! Жігіт болғандарың! Қолдарыңнан келмесе, өздеріңнен көріңдер. Екі қойды ағала­рыңның қорасына байлап бересіңдер».
– Иә, жеңеше, атамыз осылай бізді қайраған соң, намысқа тырысып сіздің үйге түскен жайымыз бар, – деп Қамшыбай досының әңгімесін растағандай болды.
– Дұрыс екен, қайындарым, біздің үйді таңдағандарыңа қуанып отырмын. Деңгене жейтін жалғыз халық біз шығармыз. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып жүргенге не жетсін?! Сонда ғана ұлт мәңгі жасайды. Әйтпесе, қазақтың өзге жұрттан айырмашылығы қала ма?!
Үйдегі ағаларың да талай деңгене жеп, аузы-мұрты майланып келетін. Жастау кезінде. Қазір бір асым етті шұқып жегеніне мәз. Атам қазақ «Жігіттің шаршадым дегеніне сенбе, қарным ашты дегеніне сен» д­еген. Жігіт адамша опырып ет жегенге не жетсін, тәйірі?! Бүгін сыналатын кездерің келді, қайындарым, – Мағрипа да отағасының дастарқан басында жоқтығын білдірмей жас жігіттерге біраз әңгіменің басын қайырғандай болып, бір-ақ тоқтады.
Отағасы пышақ-қайрағы қолынан түспеген күйі  үйге сөйлей кірді:
– Ал бәйбіше, бір нән семіз қойым­ды сойдым, ана үлкен қара қазаныңа етті аузы-мұрнынан шығарып, толтырып сал. Көрейін бұл екеуін. Бұларға мендей болу қайда?! Екеуі деңгене дегеннің не екенін біле ме екен, өздері?!
– Ой, отағасы, манадан бері қой соямын деп талай әңгімеден құр қалдың. Бұларды әуелі Құдай, сонан соң қосбармақ қайнағам айдап әкелген екен біздің үйге.
– Ойпырым-ай, не дейді?
– Иә, Еренбай аға, жеңгем дұрыс айтып отыр. Кеше Мәмбетәлі атамыз намысымызды қамшылаған соң келіп қалдық, – деді Ерден сыпайы ғана.
– Енді түсінікті. Өзім де ойлап едім, мына ұмытылып бара жатқан деңгене дәстүрін бұлардың есіне кім салды екен деп. Мәмбетәлі қария де. Ол ағамыз – жақсы-жаманды көрген кісі. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар». Сондай ақылмандарымыз айтып отырмаса, деңгенені жұрт ұмытқалы қаш-шан! – деді үй иесі сәл қамыққандай.
– Мәмбетәлі атамыздың сөзіне қарағанда, сіз де ол кісінің талай деңгенесін жеп, мәре-сәре болғанға ұқсайсыз. – Ерден ауылдың ардақты ағасын жұбата сөйледі.
– Ооо, болғанда қандай?! Басқа жерді айтпағанда, екі-үш мәрте ол кісінің де деңгенесін жедім-ау! – деді Еренбай да енді көңілдене түсіп.
– Аға, сізді осы ауылда деңгене ж­еуден кезінде алдына жан салмаған жігіт деп естідік, – деді Қамшыбай да ауыл ағасын одан сайын арқаландырып.
– Екі иығыма екі үкі, басыма бір үкі таққан түріңе болайын, қу бала. Айтатын несі бар, деңгененің қызығы мен шыжығын бір жігіттей көргенім, саған – өтірік, маған – шын.
– Әлгі аңшылардың өтірікті судай сапыратын әңгімесіндей көптіріп кетпеңіз, Ереке. – Қамшыбай ағасы­ның бетін қалжыңға бұрып, қапталдай шауып сөйледі.
– «Әкесі құрдастың баласы құр­дасқа» салып отырсың ба, иттің күшігі? – деді отағасы енді Қамшы­байға бұрылып. – Жер хабар бермесін, марқұм әкең қылжақбас еді. Ұқсамаса, тумағыр. Құрдасымнан аумай қалыпсың. Бәрекелді!
– Ереке, досымның сиыр мінезіне көңіл аудармаңыз. Ет піскенше әңгіме болсын деп жатқаны, айып етпеңіз, қулығы көген басынан аспайтын жігіт қой Қамшыбай, – деді Ерден құрдасы жаққан отқа қанатымен су шашқан қарлығаштай.
– О не дегенің, Ерденжан, сақалын сататын шалың мен емес. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген. Мені бір майқана көрмеген қазақ дейсің бе, қалжыңсыз қай отырыстың сәні болған?! Еш сөкеттігі жоқ. Майлы қасықтай болып, мәймөңкелесіп отырғанға не жетсін?!
Есте қалған бір әңгімемді айтып отырайын. Ерденжан, марқұм сенің әкең Райыс екеуміз жас кезімізде тай-құлындай тебісіп, бірге жүрдік. Қайран, Рақам-ай, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін дана да ­шешен кісі еді. Жатқан жері жарық болсын! Айтып-айтпай не керек, әкең екеуміздің айналада біз барып, қойын жемеген кісі қалмаған. Сонда бір құрдасымыз қалжыңдамасы бар ма: «Әй, сен екеуіңде ұят жоқ, ең аяғы бір күні ана Шора атамыздың тышқақ лағын жеп кетуден тайынбайтын шығарсыңдар».
Шора атамыз өте момын адам еді. Ешкімге қол жаймайтын. Қоңыр тірлігін кешіп жүретін кісі болатын. Мал мен дүниеге де қызықпай-ақ өмірден өтті, марқұм. Әлгі қағытып кеткен құрдасымыздың сөзінен кейін Рақаң екеумізге бір ой келді. Сол кісінің үйіне деңгене жеуге келдік деп баруға уәделестік. Алдын ала уәделесіп алып, етті тауысып жей алмаған болып, екеуміз екі қойды апарып беруге келістік.
Бардық. Шора атамыз кемпірі екеуі үйде екен. Ойпырым-ай, «кедей – жомарт» деген. Қайдан тапқанын білмеймін, Шора атамыз апақ-сапақта бір ісек қойды сойды да тастады. Жей алмаған болдық. Табақтың тең жартысынан аса бере екеуміз де қолымызды майлыққа жүгірттік.
Шора атамыз аң-таң. «Әй, жігіттер, аяқты аяғымен, шанақты шанағымен жұтатын мешкей деген аттарыңа ұят қой мыналарың. Бір қойдың еті екі жігіттің жұмырына жұқ болушы ма еді?! Немене, ыңыршағы айналған кедейдің жалғыз қойы тамақтарыңнан өтпей жатыр ма, жігіт адамша алыңдар, түге?!» деді. Тағы бір-екі рет асаған болдық та екеуміз жастыққа басымызды беріп, жорта қор ете қалдық. Сөйтіп, ертесіне екі қойды Шора атамызға апарып бергеніміз бар.

– Аға, мынауыңыз тәрбиесі мол әңгіме екен. Дегенмен, Ерден екеу­мізден бүгін қой күтіп иегіңіз қышымай-ақ қойсын. Қара қаза­ныңызға түскен етті түгел тауысып кетуге бел байлап келгенбіз, – деді Қамшыбай тағы да бәйге атындай аңқылдай сөйлеп.
– Мына қылжақпас құрдасымның баласы артына қарамай тағы да кер азуланып отырғанын қарашы?! Башайдан тартқан түріңе болайын, боқмұрын?! Бос табақты бетіме шаптап кететіндей көлгірсуін қоймады-ау бұл, – деп жорта кіжіне сөйлеген Еренбай Ерденге бұрылып, көзін қысып қойды. Ауыл ағасының сөзін шын көріп қалған Қамшыбай айылын жиғандай болды.
Буы бұрқыраған дәу екі табақ етті Еренбайдың әйелі мен көрші бала бірге алып кірді.
– Қамшыбай, сарыла күткен қойдың еті де келді. Аузыңмен орақ ор­ғаның жетеді бағанадан. Іске кірісейік. Өзіңді де, мені де ұятқа қалдыра көрме, – Екі білегін түріп, қамдана баста­ған Ерден сүтке тиген күшіктей жүні жы­ғы­лып қалған досына жігер бере сөйледі.
Еңгезердей екі жігіт мол еттен арпадай асап, аш бөрідей ауыздарын толтыра қарбытып жатыр. Еренбай мен бәйбішесі олардың ет жегенін қызықтап, ләззат алғаннан гөрі, тепсе темір үзетін жас жігіттердің жүйкесін тексеріп, қытығына тиіп сөйлегенге мәз:
– Бәйбіше, тәжірибелі деңгелеші ретінде айтайын, мыналарыңның аяқ алысы маған соншалықты ұнап отырған жоқ. Осылай да жігіт адам ет жей ме?!
– Маған да солай көрініп отыр, ота­ғасы, – Кемпірі де шалының қал­жыңын жандырып қоюдан қашар емес.
Екеуі арагідік шиқ-шиқ күліп алады. Жігіттер намыстана түсті. Көнекке тас салғандай қарбытудай-ақ қарбытып жатыр. Бірақ табақтың түбіне жететін түрлері көрінбейді.
– Бәйбіше, екі қойлы болдым деп қуана бер. Мыналар сорпаңды ішпек түгілі, етіңді тауыспауға тақалды. – Еренбай енді екі қолын ысқылап, кеңкілдеп күле бастады.
– Иә, отағасы, бағанадай емес, қазір екеуінің қарқыны басылып қалды. Әлі ауызданбаған екен бұлар.  –Мағрипа да шалының отты сөзін одан сайын үрлеуден шаршайтын түрі жоқ.
Екі ұртын бірдей етке толтырып алған Ерденнің сөз айтатын қауқары қалмады. Қамшыбай да сол.
– Кемпірім, екеулеп көмектесіп жібермесек, жігіттердің жағдайы қиындап барады.
– Қалай? Олар қойдың етін өздері жеп тауысуы керек емес пе?!
– Жоға, табаққа ортақтасып қай­теміз? Менің «Балалар, осымен қоя қойыңдар, жағдайларың белгілі болды» деп айтқым келіп отырғаны.
– Намысы жібере қояр ма екен бұлардың?
– Жібермегенде қайда барады? Екеуінің көзіне қарашы, бәйбіше. Әрі кетсе, бір-екі асайды да, соныменен шаруалары тынады.
Екі жігіт те отағасының осы сөзін күтіп отырғандай етке әбден тойдық дегендей қолдарын алға соза берді.
– «Сілейе бір тойдым, құйрығына қойдың» дегеннің нағыз өзі болды, Ереке, жеңілгеніңді мойындай білу де – үлкен өнер,  – деді Ерден табақтағы майлы еттен көзін тайдыра бере.
– Марқаңыз бізден мықты болып шықты, Еренбай аға. Ертең екі қойды қораңызға өз қолыммен әкеліп байлап кетемін. – Амалы құрыған адамдай Қамшыбай да досының сөзіне қосылды.
– Әй, ақұдай, ақ Қамшы, бағанадан бері бұлбұл құстай сайрағаның өз алдына, ең аяғы ағаңды қағытып, теріңе сыймай, тыпыршып кетіп едің. Оның жұрнағы да қалмады-ау, түптің түбінде күпті болған сиырдай үнің әзер шығып отыр. Аяқ астынан ақ етек ишан бола қалған түрің бар болсын, жүгірмек неме?! Өзім-ақ сыбап алар едім, марқұм әкеңнің аруағынан қорқамын. – Еренбай қылжақпас құрдасының баласынан өшін алғандай арқалана сөйледі.
Отағасының тауып та, қауып та айтқан мына сөзіне бірі қалмай ду күлді.
– Ой, аға, жөргегінде қағынған Қам­шыбайдың өзі не, сөзі не, көңі­ліңізге алмаңыз, сый-құрметіңізге Алла разы болсын. «Қашпақ болсаң, зымыра» деген, тезірек жонымызды көрсеткенміз жөн шығар, – ұялғаннан екі беті дуылдап кеткен Ерден үйден шыққанша асықты.
– Көңілден көңіл су ішер, бүгін бір қауқылдасып, қарық болып қалдық. Сендердің сыйаяққа қарайтын түр­лерің көрінбейді. Жуан аяқ көже бер­сек, орындарыңнан тұра алмай қалар­сыңдар. «Тойған жерге тоғыз кел». Ұмытпай, соғып тұрыңдар. – Отағасы жігіттерге алғысын жаудырды.
– Құдай қаласа, аға-жеңге. Келесі жолы бес қаруымызды бірдей сайлап келмесек, болмайды екен. Жақсы, сау бо­лыңыздар. – Қамшыбай да үйден ат-тонын ала қашқан адамдай аптыға сөйледі.
Жігіттер апыл-ғұпыл шығып кеткенде отағасы мен бәйбіше ет салынған табаққа қарады.
– Қалай дегенмен де, батырларың жарады. Ата салт, игі дәстүрді ендігі осылар жалғастырады, – деді еттен ауыз тиіп жатқан Еренбай.
– Десе де, зіңгіттей жігіттердің түкке татымайтын бір қойдың етін тауыса алмағандары айтар ауызға ұят болды, бізден басқа ешкім естімесін де, көрмесін де, – деді қазан көтерген еңбегін қайтармаған әлгі екеуіне әлі өкпесі қарайып отырған Мағрипа.
– Оның рас. Бірақ бәрі тәжірибемен келеді, бәйбіше. Бұлар кеше Мәмбетәлі қарияның сөзін ести сала біздің үйге ет қызуымен келіп қалды. Дайындықсыз. Ыссылай ұрынды деген осы.

Авторы: Шерхан Қазығұл
(Күлпет романынан үзінді)

Leave A Reply

Your email address will not be published.