Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бұл жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің атап өтуінше, шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашады.
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артып, өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл өңірге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.