Қостанай облысындағы тілсіз жау бір күн бұрын ауыздықталды, қазір өрт сөндірушілер жергілікті жерлерде жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше, 7 қыркүйек сағат 15.00-де өрт ауыздықталды. Оқшауланған ошақтарды, жанып кеткен орман ағаштарын жинау, елді мекендер маңындағы жерді жырту жұмысы жалғасып жатыр. 8 қыркүйек сағат 09.00-де Нұр-Сұлтан қаласы және Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД гарнизонының күш-құралдары үйіне қайтарылды»,- делінген ТЖМ жеделштаб хабарламасында.
Сонымен қатар, эвакуациялық пунктілер де жұмысын жалғастырып жатыр.
«Уақытша пунктерге 17 адам, оның ішінде 7 бала орналастырылды. Әулиекөл орта мектебінде 16 адам, Әулиекөл мектеп-интернатында бір адам қалды. Эвакуацияланғандардың негізгі бөлігі өз үйіне оралды, қалғандары туыстарының жанында», — деп толықтырды ведомстводан.
Бұған дейін ТЖ министрі Қостанай облысында өрт оқшауланғанын хабарлаған болатын.
ТЖМ басшысы өрт сөндірушілер мен Қорғаныс министрлігінің жеке құрамына өрт сөндіру кезіндегі жұмыстары үшін алғысын жеткізді.