Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын сақтауда қолдау көрсетеді – Си Цзиньпин
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға іссапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Өз сөзінде Қытай көшбасшысы Қазақстанның тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсететінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасының бұл сапары тарихи маңызға ие екенін мәлімдеді.
“Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыздың тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биылғы 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын”, – деді мемлекет басшысы.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.
“Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын”, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, 2019 жылғы қыркүйекте Бейжіңде қол қойылған жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластық сәтті жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ бүгінгі бірлескен мәлімдеме қарым-қатынастардың жаңа «алтын 30 жылдығының» басталғанын білдіреді.
Өз кезегінде Си Цзиньпин қазақ-қытай қарым-қатынастарының дамуын жоғары бағалап, бұл сапарының екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілетуге тың серпін беретінін атап өтті. Сөзінше, Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеді.
“Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетініне тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі болды және болып қала береді”, – деді Си Цзиньпин.
Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайы талқылады. Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеге қол қойды.