Маңғыстау облысының әкімі лауазымында қалды

0 2

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жарлық мәтіні Ақорда сайтында жарияланған.

Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Ақтау қаласына барып, Маңғыстау өңірінің барлық деңгейдегі мәслихаттарының жиынына қатысты. Онда Президент Әкімшілігінің басшысы Маңғыстау облысының әкімі лауазымына Дәулетжан Хасанов пен Нұрлан Ноғаевтың кандидатураларын ұсынған Президенттің хатын оқып берді.

Ашық дауыс беру кезінде мәслихаттардың 23 депутаты Дәулетжан Хасановқа, ал 93 депутаты Нұрлан Ноғаевқа дауыс берді. Дауыс беру нәтижесі бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.

Президент Әкімшілігінің басшысы облыс әкімі болып қайта тағайындалған Нұрлан Ноғаев жауапты жұмыстарды абыроймен атқарып келе жатқан тәжірибелі маман екенін атап өтіп, алдағы қызметіне табыс тіледі.

Сонымен қатар, Мұрат Нұртілеу Мемлекет басшысының Маңғыстауға жұмыс сапары кезінде нақты міндеттерді айқындап бергенін еске салды. Олардың арасында өңірдің инфрақұрылымдық ахуалын, көлік-логистика салаларының әлеуетін жақсарту және аймақ тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер бар.

Президент Әкімшілігінің басшысы биылғы маңызды саяси оң өзгерістерге атсалысқан облыс азаматтарына Мемлекет басшысының алғысын жеткізді. Сондай-ақ, Президенттің сайлауалды бағдарламасында және ұлықтау рәсімінде айқындалған міндеттерді сапалы іске асыру маңызды екенін айтты.

***

Ноғаев Нұрлан Асқарұлы 1967 жылы 30 шілдеде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында дүниеге келген. 1993 жылы И. Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясын тау-кен инжинері мамандығы бойынша, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша және 2006 жылы РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (Университет) іскерлік әкімшілік магистрін бітірді.

Еңбек жолын Ақтөбе облысы Октябрьск қаласының Қандыағаш станциясында электромонтер болып бастаған.

Мәскеу қаласында мұнай өнімдері жөніндегі аға сарапшы, «Гили-Паскер» ЖШС-нің бөлім бастығы (1993-1995); Алматы қаласында «Отырар ЛТД» шағын кәсіпорны бас директорының орынбасары (1995-1996); 1996-2006 жылдары аралығында маркетинг жөніндегі инженер, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-нің маркетингі, мұнай және мұнай өнімдерін сату бөлімінің бастығы, бас директоры қызметтерін атқарған.

2006 жылғы ақпан-тамыз аралығында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның атқарушы директоры болды. 2006 жылдың тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

2007 жылдың қыркүйегінен бастап Батыс Қазақстан облысы әкімінің экономика, қаржы және мұнай-газ секторы мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары болды.

2012 жылдың 20 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

2016-2019 жылдары аралығында – Атырау облысының әкімі. 2019 жылғы 18 желтоқсан — 2021 жылғы 7 қыркүйекке дейін Энергетика министрі болды.

2021 жылдың 7 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.