Ондаған құжат жинауы керек: Азаматтардың несиесін кешіру қалай жүзеге асырылады

0 5

Қаржы министрлігі “банкрот» деп танылған адамдардың болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істей алатынын айтады. Тіптен депутат боламын десе де шектеу қойылмайды. Ал мамандардың сөзінше, «мемлекет кешіреді екен» деп кредит ала беруге болмайды. Сонымен қатар алимент төлеуден қашқандар өзін “банкрот” деп жариялай алмайды, деп хабарлайды  31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы.

Қаржы министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес азамат берешегін төлей алмайтындығын растай алған жағдайда ғана банкроттық жарияланады. Оны дәлелдеу үшін жауапты мекемелерден оннан астам құжат жинап өткізу керек. Егер банкроттықты қолдан жасаса, әкімшілік тіпті, қылмыстық жаза да қарастырылған. Сондай-ақ несиесін төлей алмай өзін банкрот деп жарияланған адам лауазымды қызметтерді де атқара береді. Тек жеке тұлғаның несие тарихы бұзылады.

“Кейбір елдерде депутат та бола алмайды. Біз оларды зерттедік. Бірақ олардың ережелерін қоспадық. Бізде мұндай азаматтар депутат та бола алады. Бұл нормаларға адамның құқығын қатты шектейтін нормаларды қоспадық. Жеке куәлігінде не паспортында банкрот болды деген статус болмайды”, – деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Бүгінде өзін-өзі банкрот деп жариялайтындардың саны шамамен 1,5 миллионға жетеді. Заң жобасы қабылданған срң банк, микроқаржы ұйымдар мен коллекторлық агенттікке өтіп кеткен қарыз ғана кешіріледі. Ал экономистердің сөзінше, нарықтағы 15-ке жуық банк соңғы кезде тек осындай микронесие беруге дайын. Одан ел экономикасы дамымайды. Керісінше қаржы ұйымдары төмендетілген пайызбен ірі өндіріс ашуға макро кредиттер берсе, зауыттар ашылып экономика ілгерілейді.

“Қазір банктер киім, тұрмыстық техника сататын, ішіктер сатуға кетіп қалды. Бұл дегеніміз халықтың киінуге қаражаты жоқтығының көрсеткіші. Банктерді жаман үйретіп жатырмыз. Банк қорықпай береді, ертең Қазақстан азаматы қайтара алмайтын болса, Үкімет оны кешіреді. Мұның тоқтауы болуы керек. Егер жүйелі түрде мұның тоқтамы болмаса, біз халқымызды жоспар құруға баули алмаймыз”, – деді экономист Рашит Жақсылықов.

Алимент төлеуден жалтарғандар өздерін банкрот санатына жатқыза алмайды. Бұл жерде «жұмыстан шығып қалдым, табыс көзім жоқ» деген уәж қабылданбайды. Сондай-ақ бөтеннің денсаулығы мен өміріне зиян тигізгеніңіз үшін өтемақы төлеу мойныңызға ілінсе, одан да құтылмайсыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.