Екібастұзда 40-тан астам үй сусыз, 11 үй жарықсыз отыр – қала әкімі

0 10

Екібастұзда 40-тан астам үйге ауызсу әлі берілген жоқ. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде аталған қаланың әкімі Аян Бейсекин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда 40-тан астам үй салқын сусыз отыр. Кеше сусыз отырған үйлердің саны 56 болып еді. Бұл бағытта оң динамика байқалады. Әрине, бұл жағдай электр жүйелеріне салмақ түсіруде. Бұрын қала 30-32 мегаватт электр энергиясын тұтынса, қазір ол тәулігіне 48-55 мегаваттқа жетіп отыр. Электр желілеріне күш түсуінен бүгінгі таңда 11 үй жарықтан ажыратылды. Қазіргі таңда қалада жалпы 7 бригада жұмыс істеп жатыр», — деді Екібастұз қаласының әкімі.

Еске сала кетейік, бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі Екібастұз қаласына қосымша күштер мен құралдар жіберген болатын.

Екібастұз жылу электр орталығында апат 27 қарашада болған еді. Салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.
Кеше, 1 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі қызметінен босатты. Оның орнына уақытша Олег Крук тағайындалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.