Солтүстік Қазақстан облысында екі айда тұмаудың зертханалық расталған 216 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.
«Эпидмаусым басталғалы жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 17663 жағдайы тіркелді, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 33 % көп. Ауырғандардың басым бөлігі, 66 % — 14 жасқа дейінгі балалар.
Бұдан бөлек биыл тұмауды жұқтырғандар саны да артқан. 14 қазаннан облыста тұмау ауруы тіркеле бастады. Облыста В типті тұмаудың зертханалық расталған 215 жағдайы және А типті тұмаудың (H1N1) зертханалық расталған 1 жағдайы тіркелді. Барлық адамдар тұмауға қарсы екпе алмаған», — дейді Әсет Жұматаев.
Маманның айтуынша, науқастардың 18-і жүкті әйел, 73-і — 14 жасқа дейінгі бала, соның ішінде 7-і балабақша тәрбиеленушісі, 50-і мектеп оқушысы және 23-і үйде отырған бала.
Сондай-ақ тұмаумен ауырғандардың жартысына жуығы – облыс орталығының тұрғындары.
«Тұмаумен вакцина салдыру арқылы күресуге болады. Бүгінгі таңда облыста тәуекел тобына жататын 75 000 адам: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің, тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар бар. Олар екпе алды.
Тұмауға қарсы вакцинациядан басқа, бейспецификалық профилактиканы назардан тыс қалдырмау керек: бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адам көп жиналатын орындарға бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау қажет. Сонымен қатар, иммунитетті барлық қолда бар құралдармен көтеру керек», — дейді департамент басшысы.
Ал ауырған жағдайда инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін дәрігерге қоңырау шалып үйде болу қажет.